Мәскеу – Алматы. Үш жарым мың шақырымдық хикая 

27 қыркүйек, 19:07802
Фото: Михаил Маржуков/Fasebook Фото: Михаил Маржуков/Fasebook

Мәскеудің Қызыл алаңынан бастап Алматының Медеуін бетке алған ресейлік саяхатшы Михаил Маржуков 4 айдан бері 5 мың км қашықтықтың 3,5 мың шақырымын артқа тастаған. Елорда Инфо тілшісі жиһанкезбен телефон арқылы тілдесті.

Фото: Михаил Маржуков/FasebookФото: Михаил Маржуков/Fasebook

Өз үйіме келе жатырмын

Балқаш қаласына аялдаған Михаил Маржуков кеше қайтадан жолға шықты. Айтуынша, оның бұл ұзақ сапары 16 мамыр күні Мәскеудің Қызыл алаңынан басталған. Жиһанкез 61 жасын Мәскеуден 61 км асқан жерде, жол үстінде қарсы алыпты. 4 айдан аса уақыттан бері жаяулатып келе жатқан ол Ресей мен Қазақстанның түрлі қалалары мен елдімекендерін басып өтіп, бүгінде Балқашты да артқа тастады. Ұзақ сапарын Алматының Медеу мұз айдынында аяқтамақ. Телефонмен тілдескенімізде Михаил Маржуков сапарының мақсаты туралы айтты.

«Мен 1958 жылы Алматы қаласында туғанмын. Сондағы №56 мектептің табалдырығын аттап, онда 6-сыныпқа дейін оқыдым. Одан кейін ата-анаммен бірге Мәскеуге көштік. Негізі кеткім келмеген. Бірақ ата-анам жұмыс ауыстырған соң менде басқа амал болмады. Сондықтан Қазақстан, Алматы – мен үшін бөтен жер емес, кіндік қаным тамған жер. Қазір мәскеулік болғаныммен, өзімнің отаныма, үйіме келе жатырмын. Қазақтың дархан даласының тау-тасын кезіп, өзен-көлін көзбен көріп, табиғатына таң-тамаша болып, ерекше әсерге бөленіп келемін. Мен үшін мұның бәрі қызықты. Ал сапарымды не үшін Медеу мұзайдынында аяқтауды көздеп келе жатқанымның себебі оның құрылысына кезінде менің әкем атсалысқан болатын. Бірақ ол былтыр дүниеден өтті. Бұл сапарымды оның рухына арнамақпын. Сол сияқты адамдардың бір арнадан аспауы дұрыс еместігін 15 жастағы ұлыма сөзбен емес, іспен көрсетейін деп шештім», – деді ол.

Даланың адамдары қалалықтарға қарағанда қайырымды

Керек-жарағын арқа қоржынына асынып алған режиссер жол бойы фото және бейне күнделік түсіріп келе жатқанын айтады. Жолшыбай соққан елдімекендердің тұрғындары да жиһанкезбен суретке түсіп, онымен әңгімелесуге құлықты көрінеді. 

Фото: Михаил Маржуков/FasebookФото: Михаил Маржуков/Fasebook

Фото: Михаил Маржуков/FasebookФото: Михаил Маржуков/Fasebook

«Қазақ халқы, әсіресе ауылдың қазақтары – өте қонақжай. Олардың көпшілігі әлі де ата-бабаның жолын, яғни салт-дәстүрді берік ұстанады екен. Осы қасиеттері маған ерекше ұнады. Жалпы, қалалықтарға қарағанда даланың адамдары ақкөңіл, қайырымды келеді ғой. Өзім қалада тұратындықтан, мұны жақсы білемін. Мысалы, мен техника емеспін, ет пен сүйектен жаралған адаммын. Аяқ астынан мертігіп немесе аяғым ауырып, жүре алмай, айдалада қалуым мүмкін. Оның бетін әрі қылсын, әрине. Бірақ сондай жағдайда ауылдың адамдары көрсе, олар бей-жай қарамайды, міндетті түрде көмектеседі. Ал қалалықтардың көпшілігі қиналып жатсаң да, жан тапсырсаң да, тек бейнежазбаға түсіреді де, өте шығады. Дегенмен жол бойы жанашырлық танытатын адамдар көп кездесіп жатыр. Олар менен: «ақшаң бар ма, тамағың, суың бар ма?» деп сұрайды. Көліктерімен жеткізіп тастағысы келетіндер де болады. Келіспегенім үшін ренжіп те жатады», – дейді Михаил Маржуков.

Фото: Михаил Маржуков/FasebookФото: Михаил Маржуков/Fasebook

Фото: Михаил Маржуков/FasebookФото: Михаил Маржуков/Fasebook

4 ай ішінде 4 аяқ киім тоздырдым

Бұл ұзақ сапарға аттанбас бұрын кейіпкеріміз Мәскеудің ішінде Қызыл алаңнан біраз қашықтықтағы орындарға жаяу жүріп, дағдыланған екен. Күнделікті 50 шақырымдық жолды жаяу жүруді әдетке айналдырыпты. 

Фото: Михаил Маржуков/FasebookФото: Михаил Маржуков/Fasebook

Жолаушының айтуынша, о баста оның қасында екі үзеңгі жолдасы болған. Оның бірі – этникалық қазақ. Екеуі де Қазақстанда дүниеге келіп, елден ертеректе көшіп кеткен. Алайда олар орта жолдан сапарларын аяқтап, кері қайтқан. Ал Михаил Маржуков ештеңеге қарамастан діттеген жеріне жетпей қоймайтынын айтады. Айтуынша, 4 ай ішінде ол 4 аяқ киім тоздырған.

Фото: Михаил Маржуков/FasebookФото: Михаил Маржуков/Fasebook

«Маған «сен мақсатыңды орындадың, енді қайта бер» деп айтатындар бар. Бірақ мен соңына дейін барғым келеді. «Қашан жетуді жоспарлап отырсың?» деп сұрайтындар да болады. Алайда бұл дұрыс сұрақ емес. Мен Медеуге қашан жететінімді білмеймін. Өйткені мен машина емеспін ғой. Жолда әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Жылан шағып немесе қасқыр кезігуі мүмкін. Сондықтан барлығын уақыт көрсетеді», – дейді Маржуков.

Мәскеуге пойызбен қайтамын

Алматыға алғаш рет жаяу келе жатқанымен, мәскеулік азамат бұған дейін Қазақстанда бірнеше мәрте болғанын айтады.

«Жарым сән саласының маманы. Оның жұмысына көмектесіп, бірер жыл бұрын Алматыда болғанбыз. Оған Медеуді, өзімнің оқыған мектебімді, бала күнгі есте қалған орындарды, қаланың көрікті жерлерін көрсеткенмін. Амандық болса, Алматыға жетіп, мақсатымды орындаған соң Мәскеуге пойызбен аттанбақпын. Қазір жол дорбамда ноутбугым да бар. Қайтар жолда осы көрген-білгенімді жазып барсам деп жоспарлап отырмын», – деді ол.

 

Наверх