Жаңажылдық дастархан қандай болуы керек: Аспаз кеңесі

31 желтоқсан, 11:18644
Фото: Динара Киндербаева Фото: Динара Киндербаева

Жаңа жылды мерекелік дастархансыз елестету мүмкін емес. Дастарханға не қоямын деген сұрақ әрбір ханымды мазалайтыны анық.  Бұл орайда Елорда инфо тілшілері жаңажылдық дастархан мәзірі, үстел жаюдағы лайфхактар мен тез әзірлететін салаттар жайлы «Velluto» мейрамханасының бас аспазы Индира Жақыповамен сұхбат құрды.

Италияның Рим қаласында 2001 жылы оқуын тәмамдап,  елорданың әйгілі мейрамханаларында бас аспаз болып жұмыс істеген Индира Жақыпова аспаздықты сүйікті ісіне айналдырған жандардың бірі. Бүгінде Индира білдей бір компания иесі, қол астындағы 15 аспазымен бірге танымал кісілердің дастарханын жаюмен қатар, телевизиялық бағдарламаларда бой көрсетеді.

- Индира ханым, келе жатқан жаңа жыл құтты болсын! Осы орайда жаңажылдық  дастарханға не қою керек?

- Келе жатқан жаңа жыл құтты болсын! Жаңа жылда мен өз басым дастарханым мол, толық болғанын қалаймын. «Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жыл солай өтеді» демекші, дастарханды толтырып қоюға көп көңіл бөлемін.

Бірінші кезекте «оливье» салатының көкөністерін алдын ала пісіріп қоямын. Бұл тәсіл 1 сағат қалған кезде салатты тез-тез турап қойғанға жақсы. Майшабақтан жасалған салатты («Сельд под шубой» салатын) жасаймын. Осы жылы ыстық тамаққа үйрек қоямын деп шештім.

Фото: Динара КиндербаеваФото: Динара Киндербаева

Келе жатқан жыл тышқан жылы болғандықтан, ірімшіктен бала-шағам жақсы көретін кішігірім шарлар дайындасам деп отырмын. Ол үшін ірімшікті үккіштен өткізіп, тұз, жұмыртқаның сарысын қосып, белгілі бір формалар жасап, сосын оны майға қуырып аламыз. Біз отбасымызбен жаңа жылды осындай дастарханмен қарсы аламыз деп шештік.

- 12 адамға арналған дастарханды жасау үшін қанша шығын кетеді?

- 12 адамға арналған дастархан болса, 3 түрлі тіскебасар, 3 түрлі салат қоюға болады. Оның әрбірін үш-үштен тәрелкеге салу жеткілікті, сонда 6 тәрелке тіскебасар, 6 тәрелке салат болады.

«Оливье» мен майшабақтан жасалған екі салат болса, ал біреуін дұрыс тамақтану бойынша аскөктермен, салат жапырақтарымен әзірлеген дұрыс.

Сондай-ақ, «Цезарь» салатын жасауға болады. Ол үшін алдымен жұмыртқаның сарысымен қолдан майонез жасап аламыз. Май мен жұмыртқаның сарысын блендрмен араластырамыз. Соңыра анчаус, каперс, пармезан ірімшігі, ворцестер соусын қосып, цезарь соусын дайындаймыз.

Айсберг жапырағы, тауық еті, кейде балық немесе асшаян, бөдене жұмыртқасы, қызанақ черриін араластырсақ салат дайын болады.

Одан бөлек, бүгін ас үйімізде сіздермен бірге дайындаған салатымыз бар. Соны да жасауға болады.

Видео: Динара Киндербаева

Жемістерден 4 қызыл алма, 4 жасыл алма, 1 ананас, 4 киви, 4 апельсин, 4 алмұрт, 300 гр жүзім қойылса, үстеліңіз жайнап шыға келеді.

Фото: Индира Жақыпованың жеке архивіФото: Индира Жақыпованың жеке архиві

Мен үшін 12 адамға арналған дастархан жасауға қаражат жағынан 20-30 мың теңге кетеді.

- Жаңа жыл қарсаңында дұрыс тамақтанбағандықтан, ауырсынуды сезінеміз. Сол ретте дұрыс тамақтану үшін қандай кеңестер бересіз?

- Жаңа жыл түнінде ауыр тамақ жеу, сонымен қатар тамақты мөлшерден көп қызығып жеп қою салдарынан, ертесіне ауырсыну сезімін бастан кешеміз.

Сол ретте тамақтан соң киви жеуге кеңес берер едім. Себебі, киви асты тез қорытады. Сондай-ақ, екінші күні «оливье», майшабақ қосылған майонезден жасалған салаттарды қоймауға тырысу қажет, өйткені тұрып қалған қияр, балық пен пияз адам ағзасына кері әсер етеді. Әсіресе, баласы бар үйлерде ол салаттарды жемеу керек.

Оның орнына екінші күні жеңіл салаттарды жасаған дұрыс. 12 адамға жасалған үстел болса 3 жерден салатты қойып, екінші күнге қалдырмауға тырысу керек.

Сонымен қатар, тәттілерді де аз алу қажеттігін ескертер едім.

- Ыстық тағамдар жайлы айтып берсеңіз?

- Үйректен бөлек, қазыдан ыстық тамақ әзірлеймін. Бірінші күні қазыны 1 күн бойы еті жұмсаруы үшін тұзға салып қоямын, екінші күні маринадтаймын, үшінші күні пісіремін. Сонда біздің қазымыздың еті сүйегінен өздігінен ажырайды. Сондай-ақ, сірне жасаймын. Үйде үлкен апалар, бала-шаға болғандықтан, ет көп желінбейді. Егер сізде бір ыстық тамақ болса қазыны беруге болады, егер екеу болса оны тіскебасар ретінде ұсынуға болады.

Қазы менде гарнирімен ыстық тамақ ретінде жүреді. Көкөніс грильде жасалған сонымен қоямын.

Фото: Индира Жақыпованың жеке архивіФото: Индира Жақыпованың жеке архиві

2-3 кг тұз алып қазыны жуып тазалап үлкен ыдысқа қазыны тұзбен көміп қоясыз. Бір күн бойы жатады. Екінші күні маринадтайсыз. Маринадқа 2 апельсин шырыны, 1 ас қасық бал (бал тым тәтті болса, жарты қасық), тұз, бұрыш, 1 ас қасық соя тұздығы және 1 қасық кетчуб қажет. Соның барлығын араластырып қазыны қойып қоямыз. Кем дегенде 5-6 сағат маринадта тұруы керек. Фольгамен бетін жауып, 1-1,5 сағатқа 120-130 градуста духовкаға қоямыз. Сонда ол буымен пісіп, майы шығады. Сол майын 30-40 минут сайын қазының үстіне қойып тұру керек.

- Қандай тәттілер қазір сұраныста?

- Дастарханға 2 түрлі торт, сондай-ақ бүгінгі күнде трендке айналған меренг, пісте рулеттерін қоямын.

Бүгінде үстелге шығыс тәттілері, «печенье» қойылмады, оның орнына жент, қазақша ірімшік, құрт қойылып жатыр. Қою шай, екі жерден тосап, қант, екі түрлі жақсы кәмпит, бал болса жеткілікті.

Фото интернеттен алындыФото интернеттен алынды

- Жаңажылдық дастарханды әзірлеуде қандай лайфхактарыңыз бар?

- 31 желтоқсан жұмыс күні болғандықтан, көбіміз дастархан әзірлеп үлгермей жатамыз. Сол ретте «оливьеге» керек көкіністерді тез пісіру үшін оларды жуып, жұқалтырға (фольгаға) орап 180 градусқа салсаңыз 10 минутта дайын болады.

Жеміс-жидектеріңізді 3-4 сағат бұрын турап қоюға болады. Алма қарайып кетпес үшін үстіне лимон қышқылын тамызып, лимон қышқылының дәмі сезілмес үшін қант ұнтағын сеуіп қойсақ жеміс-жидегіміз ұзақ шыдап тұра береді.

Салат жапырақтарын жуатын кезде су астына салып 3 тамшы 72% уксусты құйып, салқын суға жуып алсақ , салат жапырақтарының дәмі керемет болып сықырлап тұрады.

- Танымал кісілерге дастархан жаясыз, шеберлік сабақтарын өткізесіз. Қандай тағамдарға сұраныс көп?

- Қазіргі кезде майонезден жасалған тағамдар желінбейді, көбінше дұрыс тамақтану бағыты бойынша тағамдар жасаймыз. Көбісі балықтан жасалған тамақтарды, буға піскен тамақтарды қалайды.

Кімнің үйіне барсам да жүрген жерімде италиялық тағамдарды жасаймын. Себебі, италиялық тағамдар адам ағзасына өте жеңіл келеді, әрі дәмді.

Фото: Индира Жақыпованың жеке архивіФото: Индира Жақыпованың жеке архиві

-Шеберлік сабақтарыңыздың бағасы қандай?

-Үй-ішін ерекше тағамдармен таңқалдырғысы келетін келіншектерге арналған курс бар. Бағасы –  25 мың теңге. Курс аясында 12 түрлі тағам, қазы, балықтың екі түрі, бөдене, 3-4 түрлі салаттар, 2-3 соус, 1-2 тіскебасар, жемістерді кесуді үйретеміз.

Фото: Индира Жақыпованың жеке архивіФото: Индира Жақыпованың жеке архиві

Ал кәсіби аспаз болғыңыз келсе, 3 күндік курстарымыз бар. Оның бағасы – 200-300 мың теңге арасында. Оқу аяқталған соң сертификат беріліп, сіз онымен кәсіби жолыңызды бастасаңыз болады.

Наверх