Бағасы баспанадан кем түспейтін жабық аялдамалар неге қапырық

14 тамыз, 16:17368
Суретті түсірген автор Суретті түсірген автор

Жаздың аптабында елордадағы жабық аялдамалар пана болмайды. Ішіне кірсеңіз, қапырықтан демалу тіптен мүмкін емес. Ауа баптағыштар бар деген аты ғана болмаса жұмыс істеп тұрғанын көрмейсіз. Қыруар қаржыға орнатылған аялдамаға көп аялдамай, өте шыққыңыз кеп тұрады, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. 

Жалпы, Нұр-Сұлтанда 103 жабық аялдама бар. Оның тек біреуінде ғана дәретхана қарастырылған. Ол – өз алдына бөлек мәселе. Қазіргі мәселе аялдамалар ішіндегі ауа баптағыштарда болып тұр. Жылы аялдамалар қыста қалқа болғанымен, жазда іші күйіп тұрады. Қашан көрсеңіз де, автобус күткен жолаушылар аялдаманың сыртында тұрады. Бұл тұрғыда біз қаладағы бірқатар жабық аялдамаға арнайы барып, ішіне бас сұғып көрдік.

Бұл – 10 емхана аялдамасы. Байқап тұрғандарыңыздай, есігіне кірпіш тіреліп, айқара ашық жатыр. Ішінде кондиционер тұр, бірақ істемейді.

Ал мына аялдама Қорғалжын тас жолының бойындағы «Керемет» монша кешеніне қарама-қарсы бағытта орналасқан. Бұл жерде жолаушылардың қарасы қалың. Бірақ мұндағы аялдаманың да ауа баптағышы істемейді. Ішке кірген жолаушылар есікті айқара ашып қойған.  "Аялдама, жанға шуақ жайылған баяу ғана" дей алмайсыз бұл жерде. 

Керуен сити СОО аялдамасы"Керуен сити" СОО аялдамасы

 

Ailand аквапаркі аялдамасы"Ailand" аквапаркі аялдамасы

Бұдан кейін «Керуен сити» сауда, ойын-сауық орталығының дәл алдындағы және оған қарама-қарсы бағыттағы «Ailand» аквапаркінің жабық аялдамаларына да бас сұқтық. Мұнда да жағдай осындай.

Сол сияқты адам аяғы әсте үзілмейтін «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының аялдамасы да көңіл көншітпейді. Ауа баптағышы істемей тұрғанымен қоймай, сүйеніп тұруға арналған тақтайы да түсіп қалған.

Жалпы, 3-4 жыл бұрын алғашқы болып орнатылған қызыл түсті жабық аялдамалардың сыртқы тұсына орындық қойылмаған. Көлеңкелеп тұрған жолаушылар осылай жүресінен тізе бүгіп отыруға мәжбүр.Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов

Ал Қазмедиа орталығының тура алдындағы жабық аялдама кейінгі жылдары орнатылғандықтан, оның сыртқы жағында орындық бар. Бірақ оның да «сырты бүтін болғанмен, іші түтін», яғни кондиционері істемейді. 

Біз барған 8 жабық аялдаманың ішіндегі тек екеуінің ғана ауа баптағышы жұмыс істеп тұрды. Олар – Достық көшесінің бойындағы «Қорғаныс министрлігі» аялдамасы мен Қабанбай батыр даңғылының бойындағы «Азия парк» сауда, ойын-сауық орталығының алдындағы аялдама.

Екеуінің де ішінде шағын дүкен бар. Демек, бұл аялдамалар қараусыз емес, үнемі дүкен қожайындарының қадағалауында деген сөз. Аталған аялдамалардағы жолаушыларға арналған орын аса кең де емес. Дегенмен өзгелеріне қарағанда жайлы, ең бастысы салқын. Ыстықта көлеңкелеп қана қоймай, дүкеннен сусын мен балмұздақ алып, таңдай жібітсеңіз болады. Онымен қоса, терминал да қарастырылған.

Елордадағы 103 жабық аялдаманың 82-сі Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының қарамағында болса, қалғаны аудан әкімдіктері мен «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарайды екен. Басқарма мамандарының сөзінше, олардың қарамағындағы барлық жабық аялдаманың ауа баптағышы істеп тұр.

«Біздің басқармаға тиесілі аялдамалардың ауа баптағышы істейді. Жолаушылардың кейбірі қосылып тұрғандарын өздері өшіріп тастайды. Содан соң басқалары кіргенде қапырық болып тұрса, олар «ауа баптағыш істемейді» деп байбалам салады. Білетіндері болмаса, оны кез келген жолаушы қоса алмайды. Ал қосылып тұрған салқындатқышты кешкілік мамандарымыз қадағалап, өшіреді», – дейді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мамандары.

Алайда жабық аялдамаларды аралаған кезде олардың ішіндегі өшіп тұрған кондиционерлерді біз өз бетімізше қоса алмадық. Жауапты мамандар осы мәселені қатаң бақылауға алса жөн болар еді.


Наверх