Қар құрсауында қалып қойған келіншек аман-есен босанып, перзентханадан шықты

29 қаңтар, 17:00541
Фото авторы: Сұлтан Сейітов/Elorda Aqparat Фото авторы: Сұлтан Сейітов/Elorda Aqparat

Жақында елорданың іргесінде, Қорғалжын тасжолының бойында қар құрсауындағы көліктің бірінде толғағы қысқан келіншек қалып қойған. Оларға Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері алғаш болып жетіп, ақхалатты мамандардың қолына табыстаған болатын. Бүгін бір топ БАҚ өкілі оқиғаның қалай өрбігенін әрі жаңа туған нәрестенің жағдайын білмекке №2 қалалық перзентханаға бас сұқты, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Біз барған бойда сол түні кезекшілікке шыққан ТЖД өкілдері ізімізден кірді. Оқиғаның мән-жайын алдымен осы кісілерден білдік.

«Қаңтардың 26-сы күні 20:00 шамасында кезекшілікке кіріскен болатынбыз. 27-сіне қараған уақытта таңғы сағат 05:50-де Қорғалжын тасжолының бойында қар құрсауындағы жеңіл көліктердің бірінде айы-күні жетіп, толғатып отырған келіншек қалғаны туралы хабарлама түсті. Біз жедел түрде жолға шығып кеттік. Бірақ сол түні ақтүтек бораннан және көлік кептелісінен діттеген жерге 20-30 минут өткеннен кейін ғана жеттік. Бір адамды құтқарамыз деп өзгесіне зиянымызды тигізіп алмау үшін жылдамдығымызды бәсеңдетуге тура келді», - дейді ТЖД қызметкері Нұрсұлтан Есім.

Фото авторы: Сұлтан Сейітов/Elorda AqparatФото авторы: Сұлтан Сейітов/Elorda Aqparat

Оқиғаны Нұрсұлтанның әріптесі былай жалғай жөнелді:

«Ол кісілер Қараөткел елді мекенінен шығаберісте қарға тіреліп қалыпты. Айтылған жерге ЗИЛ көлігімен жетіп, қар құрсауында қалған 30-35 жас шамасындағы жүкті әйел адамды мінгізіп алдық. Сол түні жедел жәрдем қызметімен алдын ала келісіп қойғанбыз. Ақхалатты мамандар бізді Қорғалжын тасжолынан кіреберістегі Тұран даңғылының бойында қарсы алды. Хабарлама түскен соң 1 сағат ішінде дәрігерлерге аман-есен тапсырдық», - дейді ТЖД-ның аға нұсқаушы-жүргізушісі Айдар Закаримов.

Оның айтуынша, жауапкершілігі мол жұмыста осыған ұқсас жағдай жиі болып тұрады екен. Десе де айы-күні жетіп, толғатып отырған адамды алғаш рет тығырықтан аман алып шығыпты.

БАҚ өкілдері осыдан кейін келіншектің жағдайын білмек үшін палатаға қарай аяңдай жөнелдік.

Фото авторы: Сұлтан Сейітов/Elorda AqparatФото авторы: Сұлтан Сейітов/Elorda Aqparat

«Сол күні Қараөткелдегі ата-енемнің үйіне барғанбыз. Біз жеткеннен дала ерекше борандатып кетті. Іштей толғағым осы түні келмей тұра тұрса екен деп едім. Бірақ болмады. Жауған қардың биіктігі кісі бойындай. Тасжолға жетпей көлігіміз тұмсығымен қарға тығылып қалды. Сол арада үш сағаттай тұрып қалдық. Қаладағы жәдел жәрдем қызметіне хабар берген едік тасжолдың жабылып қалуына байланысты бізге жете алмады. Бірақ ақхалатты мамандар жағдайымызға бей-жай қарамай, қалалық ТЖД-ға хабар беріпті. Сол арада волонтерлер де жиі хабарласып, жағдайымызды біліп отырды. Содан ТЖД көлігі жетіп, бізді аман-есен дәрігерлерге тапсырды», - дейді жаңа босанған Камал Қонысбаева.

Ол өз сөзінде ТЖД мен жедел жәрдем қызметкерлеріне, сондай-ақ аман-есен босандырып алған №2 перзентхананың мамандарына ерекше алғысын жеткізді.

Фото авторы: Сұлтан Сейітов/Elorda AqparatФото авторы: Сұлтан Сейітов/Elorda Aqparat

«Бұрын мұндай оқиғаларды тек фильмдерден көретін едім. Өзім осы жағдайға тап болғанда іштей қатты қорқыныш болды. Ал ТЖД қызметкерлері бізді жедел жәрдемге жылдам жеткізу үшін аянып қалмады. Өз ісінің білікті мамандары екен. Жол-жөнекей өзгелеріне де көмектесіп үлгеріп жатты. Бізді жеткізіп салған соң жолда тұрып қалған өзге кісілерге аттанып кетті. Ал жедел жәрдем көлігі көзді ашып-жұмғанша №2 перзентханаға жеткізді. Көп ұзамай аман-есен босандым. Өз ісіне кәсіби түрде кіріскен жандарға алғысым шексіз. Ұлымның жағдайы жақсы. Есімін әкесі Тәуекел деп қойды», - деп ойын қорытты 32 жастағы төртінші баланың анасы.

Акушердің айтуынша, жедел жәрдем көлігі жеткен бойда бірден қарап шығып, өзінің де, құрсағындағы бөбегінің де өміріне қауіп төніп тұрмағанын анықтапты. Бұған қоса артық шара қолданылмағанын, Камал Қонысбаеваның жеңіл босанғанын мәлім етті.


Наверх