Елордадағы №87 мектепте Абай орталығы ашылды

31 қаңтар, 15:27640
Фото авторы Василий Крась Фото авторы Василий Крась

Бүгін ел астанасындағы №87 мектеп-гимназиясында Абайтану ғылыми танымдық орталығы ашылды. Ашылу салтанатына Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысты, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Бұл шара ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр.

«Қазақтың ұлы ойшылы, бас ақыны Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай ол кісінің ғибратқа толы мол мұрасын жас ұрпаққа сусындату мақсатында Абайтану ғылыми танымдық орталығы ашылғалы тұр. Бұл орталықты ашудағы мақсатымыз – жас буынға, өскелең ұрпаққа ұлы ақынның тағылымдық мұраларын дәріптеу. Жастарымыз Абай атамыз айтқандай жүрегі жылы, қайраты ыстық, ақылы нұрлы, білімді болары сөзсіз», - деп мектеп директоры Айгүл Оңдағанқызы ашылу салтанатында жылы лебізін білдірді.

Фото авторы Василий КрасьФото авторы Василий Крась

Осыдан кейін елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, ата-аналар қамқоршылары кеңесінің төрағасы Гүлнар Мансұрқызы және бала Абай бейнесін сомдап жүрген мектеп оқушысы Ілияс Мықтыбек орталықтың лентасын қиып, салтанатты түрде ашты.

Фото авторы Василий КрасьФото авторы Василий Крась

Орталықтағы ең құнды мұраның бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлының келіні Бәтиманың бөртпе шәлісі.

«Бүгінге дейін біраз дүниелерді жоғалтып алдық. Өткен күзде №87 мектепке ұлы ақынның есімі берілген соң оқу ордасы жанынан ғылыми танымдық орталығын ашып отырмыз. Бұл орталық енді үш кезеңге бөлініп жұмыс істейтін болады: «Бала Абай», «Ақын Абай», «Хакім Абай». Мұнда балаларға қажет дүниенің бәрі қойылды. Біз оқушы қауымға Абайдың ақын болып қалыптасқанын, оның әкесі Құнанбаймен, әжесі Зеремен байланысын, оның ел арасындағы тапқырлық аңыздарын айтпаймыз. Біз Абайды бірден ақын етіп түсіре салғанбыз. Міне осы балалардың ұғынуына қиындық тудырып жатыр. Біз әр баланың деңгейіне қарай кезең-кезеңіне бөліп қамтуымыз керек», - дейді Жазушылар одағының мүшесі Алмахан Мұхамедқалиқызы.

Фото авторы Василий КрасьФото авторы Василий Крась

Ол сөз арасында Мұхтар Әуезов жазған көлемді мақаласын тілге тиек ете отырып, онда Қазақстанда Абайтану орталығы ашылар болса, ол кезең-кезеңге бөлініп зерттелуі керектігін айтқанын қозғап өтті.

«Біз Абайдың Қарамола съезінде жазған заңын қозғамаймыз. Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілген шығармаларды топтастыра алмай жүрміз. Бұл сыйлық 1966-1990 жылдар аралығында берілген болатын. Міне айтылған дүниенің бәрі осы орталықта қамтылды», - деді Алмахан Мұхамедқалиқызы.

Фото авторы Василий КрасьФото авторы Василий Крась


Наверх