Бақтияр Мәкен: Биыл әлеуметтік қорғау шараларымен 5086 жас қамтылды 

22 қараша, 12:10270
Фото авторы: Василий Крась Фото авторы: Василий Крась

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының «FROM KZ» халықаралық жастар форумы өтіп жатыр. Жиынға модераторлық етіп отырған елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жыл бойы жастарға арнап жасалған жұмыстар туралы баяндап өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Бәріміз 2019 жылдың қалай басталғанын жақсы білеміз. Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жастар жылын жариялап,«Тәуелсіздік рухында өскен бүгінгі жас ұрпақ – бұл біздің болашаққа деген үмітіміз, сенімді тірегіміз»,-деп жастарға ерекше сенім білдірді. Сол кезде Жастар жылының басымдықтары ретінде сапалы білім, тұрақты жұмыс пен қолжетімді тұрғын үй мәселелері қарастырылған еді»,- деді Б.Мәкен.

Ол сөз арасында бас қалада 245 мыңнан астам жас барын қозғай отырып, олардың басым бөлігі (82 мың) студент екенін жеткізді. Сонымен қатар, Жастар жылында мемлекет тарапынан жастарға ерекше мән берілгенін, түрлі жобалар жүзеге асырылғанын тілге тиек етіп өтті.


 «Еліміздегі «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 25 жас кәсіпкерге 75 млн теңге, ал «Жас кәсіпкер» санаты бойынша 110 млн теңге бөлінді. Бас-аяғы 220 адам бизнес идеясын жүзеге асыруына мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, әлеуметтік қорғау шараларымен 5086 жас қамтылды. Көпбалалы отбасыдан шыққан 263 балаға Нұр-Сұлтан мен еліміздің өзге өңірлеріндегі жоғары оқу орындарына білім гранты тапсырылды. Сол сияқты биыл жұмыс істейтін жастарға арнап алғаш рет 1050 пәтер 5 жылға сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Бұл бағдарлама алдағы үш жылға жалғасады»,- деді қала әкімінің орынбасары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялағанын, бұл елімізге, қоршаған ортаға пайдасы тиетінін кезекті рет еске салды.
 

«Биыл ЖОО-ларда волонтерлікпен айналысатын 800-ден астам студентке қосымша 20 мың теңге қарастырылып отыр. Келесі жылы бұл квота 50 мың теңгеге дейін көтеріледі. Сонымен қатар талантты жастарды қолдау үшін әрбір салада «Елорда жастары сыйлығы» конкурсы жүргізіледі. Алдағы уақытта біз үздіктерді анықтайтын боламыз. Жастарға арнап жасалып жатқан мұндай іс-шаралар болашаққа жасалған қадам деп білеміз», - деді Б. Мәкен.

Ол өз сөзінде Жастар жылы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының дамуына ерекше көңіл бөлгенін қозғап өтті. Сол сияқты міндеттелген ұлттық кодты сақтау, білім алуға қолжетімділік бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

 


Наверх