Алтай Көлгінов түрлі салада қызмет ететін азаматтарды наградалармен марапаттады

13 желтоқсан, 17:08461
Автор: Elorda Aqparat
Фото авторы Александр Куприенко/Elorda Aqparat Фото авторы Александр Куприенко/Elorda Aqparat

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан денсаулық сақтау, білім, көлік, құрылыс саласындағы азаматтарды, қоғамдық ұйымдар мен астаналықтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды Елорда Инфо қалалық әкімдікке сілтеме жасап.

Алтай Көлгінов жиынға қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, еліміздің, қаламыздың игілігі жолында атқарып жүрген әрі жауапты, әрі ізгі еңбектеріне алғысын білдірді.

«Біздің елордамыз – тәуелсіздігіміздің символы. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында елордамыз мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктерін айшықтайтын жарқын қалаға айналды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тәуелсіздік жолын жетістіктермен жалғастырып, жұмыс атқаруымыз керектігін атап өтті. Қаламыздың, еліміздің дамуына әрбір азамат үлес қосып отыр. Елордамыз күні-түні тынбай қар тазалап, еңбек ететін коммуналдық қызметтердің, әрбір үйге жылу жетуі үшін еңбек ететін ЖЭО қызметкерлерінің, адам өмірі үшін әр сәт сайын күресетін дәрігерлердің арқасында өсіп-өркендеп, даму үстінде. Ұстаздар қауымы, құрылысшылар, электрик, сантехниктер, жүргізушілер әрбіріңіздің ерен еңбегіңіз жатыр. Біз сіздердің еңбектеріңізді бағалаймыз, құрметтейміз», - деді елорда әкімі А.Көлгінов.

Фото авторы Александр Куприенко/Elorda AqparatФото авторы Александр Куприенко/Elorda Aqparat

«Құрмет» орденімен жоғары санатты дәрігер Қуатбек Ғабдуллин, еңбек ардагері Мұрат Иргибаев, химия ғылымдарының докторы Раушан Сармурзина марапатталды. Сумен жабдықтау қызметінің слесары Роберт Рамазанов ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін алды.

Арыс қаласын электрмен жабдықтауда қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарына қатысқан марқұм Ермек Тютюбековке «Ерлігі үшін» медалі берілді. Ермек Тютюбеков 2019 жылы 8 тамызда Арыс-Шымкент трассасында болған жол-көлік апаты салдарынан қайтыс болған еді.

Үстіміздегі жылдың наурыз айында қалада болған ірі жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккендерге көмек көрсеткен 24 жасар Әлібек Бақдәулет Құрмет грамотасымен марапатталды.

Өзі де қоғамдық көлікте жүргізуші болып жұмыс істейтін Әлібек сол күні жолаушылар сапында болған еді.

«Игілікті іс жасау үшін жоғары қызметте отыру міндет емес, әрбір адам қоғам үшін пайдалы бола алады», - дейді ол.

Фото авторы Александр Куприенко/Elorda AqparatФото авторы Александр Куприенко/Elorda Aqparat

Фото авторы Александр Куприенко/Elorda AqparatФото авторы Александр Куприенко/Elorda Aqparat


Наверх