Ақтоты Райымқұлова: Абайдың өлеңдері мен қара сөздері он шет тіліне аударылады

21 қаңтар, 16:35280
Фото авторы Сұлтан Сейітов Фото авторы Сұлтан Сейітов

Абайдың 175 жылдығының ашылу салтанатында сөз алған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ұлы ақынның мерейтойы кезінде атқарылатын шаруаларға тоқталып өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Биыл ұлы ақынның 175 жылдығын атап өту үшін кешенді жоспар дайындалғанын білесіздер. Халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Басты жиынның бірі – тамыз айында Семей қаласында өтетін ғылыми-практикалық конференция. Сондай-ақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында ауқымды халықаралық конференция болады. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, одан әрі айшықтала түседі деп сенеміз», - дейді Мәдениет және спорт министрі.

Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Абайды жаңа Қазақстанның символы ретінде таныту туралы айтқанын ерекше айтып өтті.

«Соған сәйкес ақынның өлеңдері мен қара сөздері он шет тіліне аударылады. Бұл ретте, біз аударма ісінің сапалы орындалуына басымдық береміз. Сонымен қатар, Абай туралы бірнеше деректі фильм және телесериал түсіру жоспарланып отыр. Мерейтой аясында шет елдерде бірқатар маңызды шаралар өткізіледі. Қазақстанның елшіліктері жанынан Абай орталықтары ашылады. Бұл – әлемге ақынның еңбектері мен ұлттық құндылықтарымызды қатар таныту деген сөз», - деп министр биылғы жоспарға тоқталып өтті.

Сол сияқты ұлы ақынның ғибратты ғұмыры халқымыздың төл өнері – айтыс арқылы да кеңінен насихатталатыны белгілі болды.

«Біз ұлы Абайдың өсиетін мәңгі жадымызда сақтауға тиіспіз. Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандыруды қолға аламыз. Сол арқылы ұлы ақынның рухына тағзым етіп келетін жұртшылыққа лайықты жағдай жасаймыз. Мұндай қадам өңірде мәдени туризмнің дамуына тың серпін береді. Мерейтойға байланысты бұдан басқа да көптеген мәдени іс-шара өткізіледі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ең басты мақсат – той тойлау емес, ой толғау екеніне зор мән беріп отыр», - дейді министр.

Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде іс-шараларды өткізу барысында ысырапшылдық пен науқаншылдыққа жол берілмейтінін түсіндірді.

«Кейбір жобалар биылмен шектелмей, алдағы уақытта жалғасын табады. Асығыстыққа, науқаншылдыққа жол берілмейді. Жалпы, біз Абайдың мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын өте маңызды шара ретінде мән береміз. Абай мұрасы – жаңа Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Ұлы ойшылдың өсиетіне әрдайым берік болсақ, ел ретінде еңселене түсеміз. Абай мерейтойы – Елбасымыз бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өте бір маңызды бөлігі. Тұңғыш Президентіміздің бүгінгі осы іс-шараға қатысуы – бүкіл Абай мұрасын дәріптеу жұмысына ерекше серпін беретіні сөзсіз. Халқымыздың бойтұмары – Абайдың өнегесін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – баршамызға парыз. Сондықтан ұлтымызды ұлықтайтын осындай игі бастамаға жұрт болып жұмыла білейік! Ұлы Абай мұрасы мәңгі жасасын!», -  деп ойын қорытты Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов


БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх