Мәдениет

Затаевич мұрасы. Халық музыкасының беймәлім ноталары жинағы жұртшылыққа таныстырылды

22 қараша, 20:42158
Автор: Elorda Aqparat

Бүгін Қазақ Ұлттық өнер университетінде белгілі этнограф, қазақстандық музыкатану және композиторлық мектептің негізін қалаушылардың бірі Александр Викторович Затаевичтің 150 жылдығын мерекелеу аясында «А. В. Затаевич. Хаттар. Қолжазбалар. Фотосуреттер»,  «А. В. Затаевич. Халық әндері мен күйлері» атты бұрын жарыққа шықпаған туындыларының тұсаукесерін өткізді.  Бұл туралы Елорда Инфо Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Александр Затаевичтің 150 жылдығы аясында бұдан бұрын жарияланбаған қолжазбаларының тұсаукесеріне арналған баспасөз конференциясында халық музыкасының бұдан бұрын жарияланбаған ноталарының жинағы көрсетілді.

 

«Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен биыл Александр Затаевичтің 150 жылдық мерейтойына орай Ресейдегі ұлттық музыка мұражайының мұрағатында зерттеу жүргізілді. Бұл мұражайда мәтіндік және фотоқұжаттар қоры, сондай-ақ ұлы музыка зерттеушісінің нота жазбалары сақталған. Бұл – қазақ музыкасы үшін телегей табыс. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы және елбасы Н.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақалаларының да көздегені – руханиятымыздың осындай асыл қазыналарын түгендеу болатын, сол мақсат іске асып, міне, бүгін тамаша қолжазбалар көрермендерге жол тартты» - деді Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері жөніндегі департаменті директорының орынбасары Ғани Мұратов.

Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, аталған қолжазбаларды зерттеушілердің, құрастырушыларының бірі Валерия Недлинаның айтуынша мерейтойлық іс-шаралар аясында Қазақстан мен Ресей мұрағаттарында қауырт жұмыстар жүргізілді. Оның аралық нәтижесі – халық музыкасының бұдан бұрын жарияланбаған ноталарының жинағы – бүгін жұртшылыққа көрсетілді. Бұл тек аз ғана бөлшегі. Бұл жұмыстар 1920-1930 жылдардағы мәдениеттегі ахуал туралы қаншалықты аз білетінімізді көрсетті. Бұл аса зор құндылық енді музыкатанушылар мен жалпы жұртшылыққа зор септігін тигізеді.

Мұрағаттық зерделеу мен зерттеушілер қорытындысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласымен үндес болып отыр. Кең ауқымды зерттеулер, замануи тұрғыдан бағалау, ежелгі және өткендегі рухани байлықты сақтау және біздің мәдениетімізге қайта келтіру қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.

«Затаевичтің қазақ музыка мәдениетін сақтауға және насихаттауға қосқан үлесін асыра бағалау мүмкін емес. Көптеген онжылдықтар өтсе де біздің музыкалық-поэтикалық дәстүрге ғасырлар қойнауынан қандай рухани байлықтардың  жеткенін және оларды сақтау мен көбейту қаншалықты маңызды екенін ескерте отырып, біздің ғылым мен өнерге әсер етуін жалғастыруда», деп көрсетті ведомствоның баспасөз қызметі. 

 

 




Наверх