Қоғам

Ұялатын жағдай емес: Біртанов дәкеден жасалған бетпердені пайдалану жайлы айтты

30 наурыз, 22:05145
Автор: Elorda Aqparat
Фото интернеттен алынды Фото интернеттен алынды

ОКҚ-да өткен онлайн брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәкеден жасалған бетпердені пайдалану жайында айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. 

«Қазір елде күніне 1 миллион, айына 30 миллион түрлі бетперде жасалып, қажетті медициналық мекемелерге, дәріханаларға таратылуда. Бірақ, шынын айту керек, бүгінгі қажеттілік одан көп. Біздің мәлімет бойынша, қазір 45 миллионға жуық бетперде керек. Әрине, тапшылық бар. Оны шешу үшін түрлі шара қабылданып жатыр. Кейбір топтарға бетперде тегін таратылып жатқанын да ескеру қажет. «Осындай жағдай қалай болды?» деген көп сұрақ келеді. Бүкіл дүние жүзінде де осындай мәселе бар. Оның себебі әлемде дайындық болған жоқ, мұндай жағдай болатынын ешкім білмеді. Біз өткен аптада Қытай зауыттарымен келісімге отырып, тағы да қосымша 7 миллион бетперде сатып алып жатырмыз. Әрі қарай да бұл жұмысты жасаймыз. Кейбір жағдайда бізге «марлядан бетперде тігіп жатырсыңдар, ұят емес пе?» деп айтады. Ұят емес. Себебі тек Қазақстанда емес, басқа да мемлекеттерде медициналық қызметкерлер, әскери қызметкерлер, түрмеде отырған азаматтар, әртістер, бәрі қолдан бетперде тігіп жатыр. Ешқандай ұялатын жағдай емес. Оны тазалап, жуып, үтіктеп, қайтадан пайдалануға болады. Бұрынғы заманда, өткен ғасырда, біздің ата-аналарымыз, әріптестеріміз сондай дәкеден жасалған бетпердемен бұдан да қауіпті инфекцияларды, эпидемияларды тоқтатқан. Елде, дүние жүзінде қиын жағдай болғаннан кейін барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Қажет болса, осындай дәкеден жасалған бетперде тігіп, пайдаланамыз. Біздің негізгі мақсатымыз – елдегі инфекцияны тоқтату», – деді Е.Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бұған дейін ол «аяғы ауыр әйелдер енді үйінде босана ма?» және «елімізде коронавирусты анықтайтын тест жеткілікті ме?» деген сұрақтарға жауап берген болатын.

Қымбат Елтайқызы




Наверх