Мәдениет

Түркиялық әнші Абайдың «Көзімнің қарасы» әніне бейнебаян түсірді

26 наурыз, 10:0060
Автор: Elorda Aqparat

Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойын Қазақстанмен бірге бауырлас елдер де атап өтуде. Мерейтой аясында түркиялық әнші Айбен Ерсой Абайдың әнін шырқап, клип түсірді, деп хабарлайды Елорда Инфо ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Биылғы маусым айында Қазақстанның астанасында қазақ достарымыздың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығы құрметіне фестиваль ұйымдастыру жоспарланған еді. Шарт бойынша, әрбір елден келген қатысушылар ұлы ақынның бір әнін шырқауы керек еді. Біз де Абайдың «Көзімнің қарасы» атты туындысын заманауи аранжировкада әзірледік. Өткен аптада Ыстанбұлдың ең көрікті жерлерінің бірі – Сұлтан Ахмет мешіті маңында клип түсірдік. Өкінішке қарай, қауіпті вирустың таралуына байланысты бұл жоба тоқтатылды. Алайда біз бастаған ісімізді аяқтап, туындыны сіздермен бөлісуді жөн көрдік», - деп жазды түркиялық әнші Instagram-дағы парақшасында.

Сонымен бірге, әнші қазақ әнімен қалай танысқаны жайлы айтып берді.

«Қазақстанға түрлі жобалар бойынша бірнеше рет барғанмын. Qazaqstan арнасы өткізген «Silk Way Star» байқауының қазылар алқасына мүше болдым. Бұл керемет жоба болды. Онда тек камера алдында ғана емес, сахна сыртында да бауырларыммен ұмытылмас сәттер өткіздім. Сол кездері қазақ музыкасын естіп, біздің халық әндерімен ұқсас екенін аңғардым. Қазақ музыкасымен танысқан күні екі халыққа да осы сезімімді жеткізіп, ертеден ұлан-ғайыр аумақта тамырымыздың ортақ болғанын еске салғым келді. «Көзімнің қарасы» да алғаш естіген сәтте-ақ жүрегіме жетті. Бастапқыда сөздерді түсінбесем де, әннің не туралы екенін сезінгендеймін. Сондықтан мен үшін Абайдың осы әнінің орны бөлек», - деді А. Ерсой ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Қазір Айбен ханым Қазақстан сынды өзге де бауырлас халықтардың ұлттық әндерімен танысуға мүмкіндік беретін жобалар өткізуді жоспарлап жүр.

«Біздің әлем айналамыздағы нәрсені тез өзгертіп жатқанына қарамастан, ішімізде өте құнды негіз бар. Біз – күн сайын өзімізді жаңа деңгейге көтеретін, үздіксіз дамитын жаратылыспыз және күн сайын өзімізді жаңа қырымыздан танимыз. Жаңа бағытқа ұмтыла отырып, біз Абай сияқты құнды негіздерді болашаққа жеткізуіміз керек. Абай сынды тұлғалар әлемді жақсылыққа бастау үшін туады. Әлемдегі бейбітшілік пен махаббат үшін ұлы ақынның мерейтойымен құттықтаймын», - деді Айбен Ерсой.




Наверх