Мәдениет

Түркістандық әжелер Астананың 20 жылдығына арнап өнер көрсетті

27 сәуiр, 09:332380

Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған киелі Түркістанда Астана қаласының 20 жылдығына орай «АҚ ДИДАРЛЫ-ӘЖЕЛЕР» байқауы болып өтті. Ұлтымыздың ұлттық құндылығын дәріптеген өнер додасында 60-70 жасқа дейінгі түркістандық әжелер қатысып, ұлттық өнерлердің шеберлігін көрсетті және сахна төрін ән мен жырға бөледі. Байқаудың ережесіне сәйкес әжелер үш шарт бойынша өз өнерлерін орындады, деп хабарлайды Елорда инфо.

Байқаудың басты мақсаты - отбасы тәрбиесіндегі әженің ықпалы мен немере тәрбиелеудегі тәжірибені насихаттау, отбасында имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар ата-бабаларымыздан қалған бай мұрамызды жаңғыртып, салт пен дәстүрді,  әдеп-ғұрпын көрсету және ұлттық тұрмыстық бұйымдардың қалай жасалатынын, олардың мәнін түсіндіру болды.

Зерделі әжелердің тапқырлығын, білімділігі мен көрегенділігін анықтау және олардың ата-салтымыздың асыл мұрадай қазынасы мен ата салт-дәстүрін ұрпақтың санасына сіңірудегі шеберліктерін бағамдап, саралау үшін ҚР «Білім беру ісінің үздігі», ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», ұлағатты ұстаз, бірнеше немерелердің әжесі Серім Айғаным Абанқызы, ҚР еңбегі сіңген «Мәдениет майталманы», мәдениет үйінің режиссеры Нәлтаева Пернекүл Сейтбекқызы,Түркістан орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапхана дамыту бөлімінің меңгерушісі Бекмурзаева Халима Қобыланқызы әділ-қазылық етті.

Сөз алған Түркістан қалалық мәдениет үйінің директоры, ҚР «Мәдениет қайраткері» Шәмет Лиза Төлегенқызы және ҚР «Білім беру ісінің үздігі», ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», ұлағатты ұстаз, бірнеше немерелердің әжесі Серім Айғаным Абанқызы «Ақ дидарлы –әжелерімізге» сәттілік тілеп, болашақ ұрпақтың ақ жаулығы желбіреген әжелерден алатын тәлім – тәрбиенің маңыздылығына тоқталды.

Байқауда Түркістанның төңірегіндегі ауылдардан және қаладағы мекемелер мен ұйымдардан келген әжелер сайысқа түсіп, өз өнерлерін көрсетті. Атап айтқанда, Бірлік ауылынан Сарсенбаева Құндыз, Қарашық ауылынан Бексұлтанова Саракүл, «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінен Шәметова Роза, Абай ауылынан Қожанова Үрмет, Шорнақ ауылынан Арынова Үрлайм,  Шорнақ ауылынан Балабекова Алия, «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінен Халыбекова Нұржамал, «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінен Абдусаметова Қапия, Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылынан Ташметова Айткүл, Түркістан қаласынан Утебаева Жұмакүлдер қатысты.

Үш шарттан тұратын өнер додасында әжелер мына ережелер бойынша орындады:

1.«Сәлем - сөздің анасы» (қатысушылар өзін, отбасын таныстыру). 
2. «Ескірмеген есті сөздер» — сұрақ-жауап кезеңі, берілген сұрақтарға жауап беру, тыйым өздердің мағынасын түсіндіру,бес сөйлемнен тұратын мақал-мәтелдер айту.

3. «Шебердің қолы алтын» (әжелер өз өнерлерін ортаға салу, жүн сабау,ши тоқу, ұршық иіру, құрақ құрау,күбі пісу,құрт жасау, диірмен тарту,қазан шегелеу дәстүрлерін көрсету) болды.

Қазылар алқасы бағалау барысында:

– сахна мәдениетіне;

– киім үлгісінің үйлесімділігіне, әртістік қабілетіне;

– парасаттылығы мен көрегенділігіне;

– өнері мен шеберлігіне баса назар аударылды.

Бас Жүлдені ұлды – ұяға, қызды –қияға қондырған, немере- шөберенің ардақтысына айналып отырған Шәметова Роза әжеміз;

 І – орынды Шорнақ ауылынан келген Балабекова Алия;

ІІ- орынды Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылынан келген Ташметова Айткүл, Халыбекова Нұржамал әжелер;

ІІІ-орынды  Шорнақ ауылынан Арынова Үрлайм, Қарашық ауылынан келген Бексұлтанова Саракүл есімді әжелер иемденсе, Сарсенбаева Құндыз, Қожанова Үрмет, Абдусаметова Қапия, Утебаева Жұмагүл әжелер Түркістан қаласының әкімі Мұсаев Тәжібек Қалманұлының Алғыс хаттары мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх