Руханият

Т.Әбдік: Әбіш – көркем сөзден сөз сарайын қалаған қаламгердің бірегейі

06 желтоқсан, 23:23169
Фото интернеттен алынды Фото интернеттен алынды

Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында Казақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбіш Кекілбайұлын еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. 

Кеште алғашқы болып сөз алған Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов аса көрнекті тұлғаның мерейтойы екі айдан бері еліміздің әр аймағында аталып келе жатқанын айтты.

«Жазушының мерейтойы туған өлкесі Маңғыстауда басталып, ескерткіші қойылды. Оған Президентіміздің өзі қатысты. Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласының төрінде де осындай іс-шаралар өтуде. Кеше Еуразия университетінде конференция өтті. «Жастар» театрында спектакль көрсетілді. Бүгін таңертең Нұр-Сұлтан қаласында Әбіш Кекілбайұлының атына үлкен көше берілді. Жақында ғана Фариза Оңғарсынованың атына көше берген едік, бұл екі көше қатар тұр. Ас бердік. Енді, міне, еске алу кеші ұйымдастырылды. Мұның бәрі ағамыздың 80 жылдығына орай өтіп жатыр. Ағамыздың өмірбаянын баршамыз білеміз. Бірақ ол жас ұрпаққа қажет. Әбіш Кекілбайұлы – Тәуелсіз еліміздің аяққа тұруына үлкен еңбек сіңірген қазақтың дара тұлғасы, парасатты азамат», – деді А. Көлгінов.

Көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік Әбіш Кекілбайұлы секілді алып тұлғаның 80 жылдық мерейтойын атап өту елдігіміздің, есейгендігіміздің белгісі екенін айтты.

«Көркем сөзден сөз сарайын қалаған қаламгерлердің бірі һәм бірегейі – Әбіш Кекілбайұлы. Әбіш өте ерте танылды. Мектеп кезінен бастап аты шықты да, соның аяғы атақ-даңққа жалғасты. 1960 жылдары Кеңес Одағының кеңістігінде бір ояну кезеңі болды. Бұл кезең наразылық идеясын туғызды деп айтуға болады. Осы кезде жаңаша ойлайтын ұрпақ келді. Сол жаңашыл ұрпақтың көрнекті өкілі – Әбіш. Ол барлық жанрда еңбек етті. Әбіш – сыншы, Әбіш – ақын, Әбіш – драматург , Әбіш – аудармашы, Әбіш – публицист, Әбіш – қайраткер», – деген Т.Әбдік Әбіш Кекілбайұлының «Шыңырау» повесі қолына тигенде, тереңдігімен таңғалдырғанын, бұл шығарма әлемдік деңгейде жазылғанын атап өтіп, «Үркер» романының көркемдік ерекшеліктеріне тоқталды.

Айта кетсек, Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына орай ел бойынша 200-ден аса іс-шара ұйымдастырылды. Осыны айтқан Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғаға берген биік бағасымен сөзін сабақтады.

«Әбіш Кекілбаев – әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Көркем ойдың, көркем әдебиеттің көсемсөзге жол берген тұсында ол ел-жұртына үлгі беретін үрдіске қол артып, уақыт мінберіне көтерілді. Ағынан жарылды. Адалынан сөйледі. Жұртының мүддесі үшін жазары таусылмаған жазушы болу да – үлкен бақыт қой. «Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен деп тілеймін!» деп жазған еді Елбасы.

Белгілі ақын, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Светқали Нұржан Әбіш Кекілбайұлы мен Мұхтар Әуезов арасында параллель жүргізіп, қайраткер қаламгерге арнаған жырын оқып берді.

Кештің концерттік бөлімі Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің орындауында күй атасы – Құрманғазының «Адай» күйімен ашылып, осы оркестрдің көркемдік жетекшісі – бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымовтың «Әбіш аға» әнімен жалғасты. Бұл туындыны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова салды. Белгілі ақын, әнші, композитор Елена Әбдіхалықова Әбіш Кекілбайұлы сүйіп тыңдаған өзінің «Маңғыстау» әнін әуелетті. Әбіш Кекілбайұлының өлеңіне жазылған композитор Арман Дүйсеновтің «Арман дейтін арғымақ» шығармасын Тамара Асар орындады. Әбіш Кекілбайұлының «Әкеге арнау» жырын немересі Елдар Әбіш, өзге де жырларынан үзінділерді Нұр-Сұлтан қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия оқушылары нақышына келтіріп оқыды.

Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында», халық әні «Ахау, керім», Әбіш Кекілбайұлының туған қарындасындай болған Фариза Оңғарсынованың өлеңіне жазылған Табылды Досымның «Махаббатты сезіну», Қойбас Жалбырұлының «Қиқым көл», Жеңіс Сейдоллаұлының «Ән жүрегім – Нұр-Сұлтан», Жарылқасын Дәулеттің «Қазақ елі» әндерін Алтынбек Әбілда, Ардақ Балажанова мен Арайлым Рақымқызы, Асхат Өмірғали, Нұрым Асқановтар және «Назар», «МузАрт» топтары шырқады. Құрманғазының «Сарыарқа», Есірдің «Ақ жарма» күйлері төгілді.

Әбіш Кекілбайұлының шығармалары желісімен қойылған «Шыңырау», «Аңыздың ақыры», «Абылай хан» спектакльдерінен үзінділер оқылды. Әсіресе, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов оқыған Абылай ханның монологы әсерлі шықты.

Еске алу кешін түйіндеген қаламгердің жары Клара Жұмабайқызы ұйымдастырушыларға алғыс айтып, Әбіш Кекілбайұлымен қалай шаңырақ құрғандары туралы, отбасылық өмірлері, әулет жайында әңгімелеп берді.




Наверх