Қоғам

Көшеде көлікпен де жүруге болмайды: Елордалық полицейлер барлық жерді қатаң бақылауға алды

30 наурыз, 14:43163
Автор: Elorda Aqparat

Елордада азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуы шектелді. Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салынады, деп хабарлайды Елорда Инфо

Коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу жөніндегі қалалық жедел штаб Нұр-Сұлтан қаласы бойынша карантин аумағында 6 сәуірге дейін қоғамдық көлік қозғалысын, жеке тұлғалардың меншік көлігімен жүріп-тұруын шектеу туралы шешім қабылдады.

Бұл ретте, қосымшаға сәйкес ұйымдар үшін жұмыс орнынан анықтамасы болған жағдайда (немесе қызметтік куәлігі болса) тұрғылықты жерінен жұмысқа дейін және кері қатынауға, тұрғылықты жеріне немесе жұмысына жақын маңдағы дәріханалар мен дүкеннен азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар алуға, сондай-ақ шұғыл жағдайда медициналық мекемеге баруға рұқсат етіледі.

Бұдан бөлек, карантин аймағы шекарасында медициналық көмектің жедел қызметінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің , сонымен қатар медицина мамандарының, азаматтық қорғау, өртке қарсы және апаттық құтқару жұмыстары, коммуналдық, авариялық қызметтердің жұмысшыларына, мамандандырылған инкассатор көлігіне, күзет ұйымдары мен кәсіпорындардың жеке күзет қызметіне, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен көлігіне, арнайы мемлекеттік органдардың, прокуратура, қорғаныс министрлігі, ұлттық ұлан, ІІМ қылмыстық-атқарушы жүйесінің мамандандырылған және жеке көліктерінің қозғалысына (қызметтік куәлікті көрсеткен жағдайда) тосқауыл қойылмайды.

Сонымен қатар құрылыс материалдары, азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын өнімдерді, медициналық тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын 1 қосымшада көрсетілген ұйымдардың жүк көліктерінің қозғалысына қызметтік куәлігін немесе жұмыс орнынан анықтама көрсеткен жағдайда шектеу қойылмайды.

Қала көшелерін полиция қызметкерлері қадағалап жатыр. Соңғы екі-үш күн ішінде аумақтық полиция басқармаларына 200-ге жуық адам жеткізіліп, 68 тәртіпбұзушыға әкімшілік хаттама жасалған. Қалған адамдармен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

«Сіздің қауіпсіздігіңіз бен коронавирус инфекциясының таралуын азайту мақсатында үйде қалып, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз», – делінген хабарламада.

Естеріңізге салсақ, 30 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін автобустар жүрмейді. Дәрігерлер, полиция қызметкерлері және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететіндерден басқасы апта бойы жұмыс істемейді. Елорда әкімдігі коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлері үшін қонақ үйлер, көлік бөліп, тамақ ұйымдастырды. Емханалар мен ауруханаларда жұмыс істейтін дәрігерлер үшін де көлік ұйымдастырылған. Көлікті CTS компаниясы ұсынды.




Наверх