Мәдениет

«Славян базарының» жеңімпазы Әділхан Макинді Мәдениет министрі қабылдады

17 шiлде, 14:33148
Фото Мәдениет және спорт министрлігінен алынды Фото Мәдениет және спорт министрлігінен алынды

 «Славян базарының» жеңімпазы Әділхан Макинді Мәдениет министрі қабылдады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Араға төрт жыл салып, Қазақстан Витебсктегі әйгілі «Славян базары» фестивалінде тағы да бас тұғырға көтерілді. Бұған дейін аталған жарыста көк туымызды Димаш Құдайберген желбіреткен еді. Бұл жолы мұндай бақыт Әділхан Макинге бұйырды. Бір қызығы, Әділхан да дәл Димаш секілді жалпы 180 ұпайдың 178-ін еншіледі.

Қазақстандық делегацияны бастап барған Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров байқау барысы туралы әңгімелей келе, Әділханның «Славян үміті» жүлдесін де қоса алғанын жеткізді:

 «Славян үміті» жүлдесі – Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенконың арнайы сыйлығы. Оны славян музыкалық өнерінің мазмұны мен тақырыбын вокалдық тұрғыда жоғары деңгейде ашқан үздік әншіге тағайындайды. Бұл біз үшін де, көрермен үшін де тосынсый болғанын рас», – деді ол.

Өз кезегінде Әділхан аталған байқауға үш жыл бойы үздіксіз дайындалғанын, ұстаздарының өте жақсы қолдау білдіренін айта отырып, әсіресе вокалдан мұғалімі PhD докторы Йоанис Кайсидидің еңбегі зор болғанын атап өтті.

Айта кетейік, биыл «Славян базары» 8-17 шілде аралығында өтті. Музыкалық байқауға он сегіз елдің әртістері қатысты. 1992 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл сайыс кезінде қатысушылар Беларусь халық әртісі, профессор Михаил Финбергтің жетекшілігімен Беларусь Республикасының ұлттық академиялық оркестрімен бірге жұмыс істеп, кәсіби шеберлік мектебінен өтті. Фестивалдің бірінші күні Әділхан Игорь Крутойдың «Озеро надежды» әнін шырқаса, екінші күні Абайдың «Көзімнің қарасын» орындап, әділ қазылар алқасының да, көрерменнің де ықыласына бөленді.

Әділхан бұған дейін де өнер жолындағы жетістіктерден құралақан емес-ті. Мәселен, 2012 жылы Қазақстандағы Франция елшілігі ұйымдастырған Alliance Française конкурсының лауреаты, «Жас қанат» жас орындаушылардың ұлттық конкурсының финалисі, 2013 жылы «Шабыт» халықаралық конкурсының лауреаты, 2016 жылы Еуразия мәдениет қорының стипендиаты атанған. Сондай-ақ былтыр Х-Factor тележобасының финалына дейін жетіп, Испанияның Марбелья қаласында өткен Tu Onda халықаралық фестивалінің гран-при жүлдесін жеңіп алған.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх