Билiк және саясат

СІМ-де Президенттің Берлинге сапарынан кейінгі келісімдердің орындалуы талқыланды

14 қаңтар, 10:1472
Автор: Elorda Aqparat

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұхан Германия үкіметінің Ресеймен, Орталық Азиямен және «Шығыс серіктестігі» елдерімен ынтымақтастық жөніндегі үйлестірушісі, Германия Бундестагының депутаты Дирк Виземен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды Елорда Инфо ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар 2019 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын, сондай-ақ өңіраралық деңгейдегі ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-саттық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара дайын екендігі атап өтілді.

М.Баймұхан Мемлекет басшысының алғашқы еуропалық сапары жалпы құны 2,4 млрд АҚШ долларын құрайтын коммерциялық келісімдер жасауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Қазақстандық дипломат неміс тарапын ЕО мемлекеттері деңгейінде Қазақстанға визалық режимді жеңілдету мәселесін қолдауға шақырып, бұл экономикалық, білім беру және мәдени салалардағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі жандандыра түсуге өзара ықпал ететінін атап өтті.

Өз кезегінде Д.Визе ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ресми сапары қазақстандық-германиялық әріптестігін тереңдетуге өзара қызығушылықтың бар екенін көрсеткенін хабарлады.

«Біз қазіргі таңда Қазақстанда іске асып жатқан реформаларды қолдаймыз және оларды жүзеге асыруға қолғабыс жасауғы дайынбыз», - деді неміс дипломаты.

Талқылау барысында екіжақты қатынастардағы маңызды сұрақтардың арасында гуманитарлық мәселелер де болды. Тараптар екі ел арасындағы «достық көпірі» болып саналатын Қазақстандағы неміс диаспорасы және ГФР-дағы бұрынғы қазақстандықтардың үлкен қауымы болуына орай қазақстандық-германиялық әріптестігі аса маңызға ие екендігін растады. Екі елдің үкіметтері өз азаматтарына мүмкіндігінше қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыстар жасауда.

Тараптар көпқырлы әріптестікті дамытуды жалғастыру мақсатында қалыптасқан байланыстар динамикасын ілгері жылжытуға келісті.




Наверх