Сайлау-2019

Сайлауда мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу үшін 200 волонтер жұмылдырылды

10 маусым, 09:07259
Автор: Elorda Aqparat

200 астаналық волонтер Нұр-Сұлтанда сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін болады. Олардың міндеті – дауыс берушілерді қарсы алып көмектесу және қажет болған жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандарға кеңес беру, деп хабарлайды Елорда Инфо Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Әрбір сайлау учаскесінде бір еріктіден бекітілген.

«Мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлауда ат салысуы оларға жағымды әсер етіп, халықтың жалпы азаматтық санасын арттырады деп ойлаймын. Олар техникалық қолжетімді әлеуметтік ортаға мұқтаж. Бүгін біз таңғы сағат 8.00- ден бастап 18.00-ге дейін жұмысқа кірісеміз», – деді «Астана Жастары» КММ еріктісі Мирас Мұратов.

№ 177 сайлау учаскесінде дауыс беруге қазақстандық паралимпиадашы Ардақ Отарбаев қатысты. 2006 жылы жол-көлік оқиғасынан кейін жүру мүмкіндігінен айырылған ол бір жыл ішінде төсекке таңылған болатын. Бірақ қиындыққа мойымаған ол спортпен айналыса бастады. Бүгінде Ардақ Отарбаев – табысты паралимпиадашы, арбамен билеу бойынша республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері. Сонымен қатар ол теледидар мен радиода жүргізуші болып қызмет етеді.

 

 

«Әрбір азамат келіп, өз таңдауын жасауы керек. Бұл – біздің балаларымыздың, еліміздің болашағы», – дейді Ардақ Отарбаев.

 

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін сайлау учаскелерінде қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігі автокөлік тұрағы, сүйеніштер мен пандустар, лифтілер, тактильді көрсеткіштер, дауыс беруге арналған арнайы кабинкалар сияқты қажетті жағдайларды жасады.

Бүгінде елордада мүмкіндігі шектеулі 25 719 адам тұрады. Оның ішінде 19 504 адам отырып-тұру проблемасын бастан кешуде. Жалпы, қаланың барлық сайлау учаскелері пандустармен жабдықталған, ерекше қажеттілікті талап ететін жандар үшін кабинаның ішінде еркін жүруге мүмкіндік беретін мамандандырылған дауыс беру кабиналары орнатылған.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх