Жолдау-2019

Президент жолдауын жүзеге асырудың арнайы жоспары әзірленеді – Әлихан Смайылов

03 қыркүйек, 12:27117
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы жолдауын жүзеге асырудың бағыты мен жоспары жөнінде айтып берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Кеше айтылған Мемлекет басшысының жолдауына сәйкес, халықты әлеуметтік қолдауды күшейту үшін барлық тиімсіз шығыстарды қысқарту және бюджет кірістерін арттыру есебінен бұдан әрі резервтер іздестірілетін болады. Осы орайда Қаржы министрлігі кедендік әкімшілендіруді жақсарту және күшейту жөніндегі кешенді жұмысты жалғастырады», - деді Ә. Смайылов Үкімет отырысында.

Вице-премьердің сөзінше, мемлекеттік сатып алу жүйесі бұдан әрі жетілдірілетін болады.

«Тиісті заң жобасы әзірленді, ол адал бәсекелестікті ынталандыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, сондай-ақ тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын және өнім берушілердің біліктілігін арттыруға бағытталған. Осының барлығы бюджетке қосымша табыс алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте шығындарды оңтайландыру және активтерді инвестициялық басқарудың сапасын жақсарту мақсатында Үкіметке бірыңғай әлеуметтік қор құру және бір әлеуметтік төлем енгізу жолымен әлеуметтік қамтамасыз етудің бюджеттен тыс жүйесін шоғырландыру мәселесін зерделеу тапсырылды», - деді ол.

Сондай-ақ, Смайылов жергілікті бюджеттерді қалыптастыруға халықты нақты тарта отырып, барлық деңгейлерде бюджет процесін ұйымдастыру құрылатынын айтты.

«Жалпы, біз жолдауда көрсетілген тапсырмаларды іске асыру және орындау бойынша арнайы іс-қимыл жоспарын әзірлейтін боламыз. Президент Жолдауын іске асыруға қажетті қаражат Парламент Мәжілісіне енгізілген 3-жылдық бюджет жобасының шеңберінде толық көзделетін болады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх