Билiк және саясат

Помпеоның пікірі Қытай елшісіне ұнамады

04 ақпан, 20:39580
Фото: Чжан Сяо/Facebook Фото: Чжан Сяо/Facebook

ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Пампеоның Қытайдағы коронавирус пен басқа да саяси жағдайларға қатысты айтқан пікіріне Facebook желісінде жауап қайтарды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«2 ақпан күні Қазақстанға сапарлап келіп, жергілікті антиқытайлық қозғалыс өкілдерімен кездескен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Пампео сонымен қатар Нұр-Сұлтанда баспасөз мәслихатын өткізіп, кезекті рет Қытайға тіл тигізді. Синьцзяндық миллион ұйғыр мен мұсылман қазақтардың түрмеге қамалғанын, қытайлық және ресейлік инвестицияның Қазақстанның тәуелсіздігіне кері әсер ететінін айтты. Қытай-қазақстандық қарым-қатынасқа нұқсан келтіру үшін Пампео тіпті жаңа коронавирустық эпидемияны қару ретінде пайдаланды», – деп жазды Чжан Сяо.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының айтқандарын қойылымға теңеген Қытайдың Қазақстандағы елшісі Майк Пампеоның мәлімдемесін жоққа шфығарды.

«Бұған дейін айтқанымдай, ол бұрынғы әуеніне басып отыр. Оның «Қытай миллион ұйғырды түрмеге қамады» деген сөзіне келсек, бұл дерек баяғыда түсінікті болған. Бұл цифр Американың «Сұр аумақ» тәуелсіз жаңалықтар сайтының тексеру қорытындысы бойынша анықталыпты. Бірақ онда сауалнама тек 8 адамға ғана жүргізілген. Бұл өте күлкілі. Шын мәнінде соңғы 40 жылдан бері Синьцзяндағы ұйғырлар саны 5,5миллионнан 11 миллионға дейін көбейген. Бұл көрсеткіш 46,8 пайызды құрайды. Синьцзянда 25 000 мешіт тіркелген. Бұл Құрама Штаттар мен Ұлыбритания, Франция және Германияны қоса алғанда олардың барлығынан да көп. Орта есеппен әр мешітке 500 мұсылман барады. Бұл – басқа да көптеген мұсылман елдерінен артық көрсеткіш. Синьцзяндағы негізгі деректерді жоққа шығарып, Қытайға күйе жаққан Пампео бүкіл әлемге тек өзінің теріс түсініктегі идеологиясын ұсынып отыр», – деді ҚХР елшісі.

Сондай-ақ Чжан Сяо Пампеоның Қытай мен Ресейдің инвестициясы Қазақстанға зиян келтіретіні туралы айтқаны қисынға келмейтін өтірік екенін мәлімдеді.

«Оның геосаяси ойы елдер арасына от салып, өңірде өздерінің монополиясын орнату. Мұнысы тым шектен шыққандық емес пе? Қытайлық инвестиция Қазақстандағы инфрақұрылымды жақсартып, экономикасының көтерілуіне, жұмыс санының артуына әсер етеді. Бұл тұрғыда мен Пампео мырзаға: «сіздер Қазақстанда 1 км жол немесе 1 көпір салдыңыздар ма?» деген сұрақ қойғым келеді. Егер сіздер шынымен де қазақстандықтарға қамқор болсаңыздар, жергілікті экономикаға, мысалы Қытай сияқты қомақты қаржыны инвестициялауға батылдарыңыз жете ме? Олай болмаған жағдайда сіздің сөздеріңіз қазақстандықтар үшін тек екіжүзді адамның сөзі ғана болмақ», – деді Қытай елшісі.

Сондай-ақ ҚХР елшісі коронавирус індеті пайда болғалы бері Қытайға көптеген қолдау көрсетіп жатқан елдердің ішінде АҚШ-тың жоқ екенін, сонымен қатар Америка тарапының Ухань қаласынан ең бірінші болып адамдарын алып кетіп, Бейжіңдегі елшіліктерінен де мамандар санын қысқартқанын тілге тиек етті. Сол сияқты елші бұл сынақтан ҚХР АҚШ-тың көмегінсіз-ақ өтетінін де жазды.




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх