Руханият

Ө.Озғанбаев: Нұр-Сұлтанда ҰОС ардагерлеріне 850 мың теңге сыйақы беріледі

03 наурыз, 17:36225
Фото авторы: Сұлтан Сейітов/Elorda Aqparat Фото авторы: Сұлтан Сейітов/Elorda Aqparat

Бүгін «Astana aqshamy» газетінің редакциясында Ұлы Отан соғысының жеңісіне 75 жыл толуына орай арналған дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында ардагерлердің жай-күйі, оларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жәрдем мәселелері туралы қозғалды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Жиынға соғысқа қатысқан ардагерлер – Ахат Бекмәди, Жүнісбек Кәрімов, сонымен қатар, белгілі ғалым, академик, Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өрмізақ Озғанбаев пен кеңес төрағасының орынбасары Көпболсын Бекмағамбет қатысты.

Осыдан кейін сөз алған Өрмізақ Озғанбаев қан майданда жеңіске жетуге қосқан қазақстандықтардың үлесі туралы қозғап өтті.

«ТМД елдері арасында биыл елеулі атап өткелі отырған мереке – 1941-1945 жылдары өткен соғыстың жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толуы. Қазір бұл елдерде дайындық қызу жүріп жатыр. Олардың қатарында біздің еліміз де бар. Қан майданға елімізден 1 млн 200 мыңнан астам азамат аттанды. Оған қосымша соғыс даласындағы қара жұмысқа 700 мыңға жуық қазақстандық жұмылдырылды. Сол жылдары окупациялық өңірлерде қалған зауыттарды Қазақстанға көшіріп әкеп, жылдам уақыттың ішінде құруына, майданға қажет соғыс құрал-жабдықтарын жеткізуге үлесін қосқан жандар тағы бар. Осының бәрін тұтас есептей келгенде Қазақстанда сол кездегі халықтың 25 пайызы соғыстың қажетіне жұмылдырылды. Ал екінші дүниежүзілік соғысты бастаған Германия өз халқының тек 12 пайызын ғана майданға жіберіпті. Соғысқа қатысқан қазақстандықтар АҚШ пен Англияның шығынын қосқандағыдан да көп адам жоғалтты. Бұл еліміз үшін қатардағы соғыс емес ұлттың генетикалық кодын сақтап тұрған азаматтарынан айырылған от-тозақ болды», - деді Өрмізақ Озғанбаев.

Ол сөзін жалғай отырып, соғысқа аттанған қазақстандықтардың қанша бөлігі оралғаны туралы қозғап өтті.

«Соғыс даласында Қазақстанның 600 мыңнан астам азаматы шейіт болды. Оның ішінде 300 мыңнан астам жауынгер хабар-ошарсыз кетті. Хабарсыз кеткен әкесін, жақындарын іздеген жандар әлі күнге дейін бар», - деп ойын жалғады Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары.

Әңгіме барысында ол хабар-ошарсыз кеткен майдангерлерге қатысты тың мәліметтер жарияланып жатқанын қозғап өтті.

«Шығыс Еуропадағы Болгария кезінде КСРО құрамына өту туралы 3 рет өтініш берген екен. Енді солар бүгінде кеңестер құрамында, бағыттас саясат жүргізгенімізден көрі немістердің қолында, қарауында болғанда бақытты өмірге жақындар едік деген күмәнді әңгіме айтады екен», - дейді ол.

Бұдан бөлек биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арнап елімізде қандай іс-шаралар жоспарланып жатқаны туралы белгілі болды.

«Бұл 75 жылдыққа арналған арнайы шара барысында Нұр-Сұлтан қаласында әскери шеру өтеді. Әр өңірден шамамен 15 ардагерден қатысады. Қазір олардың қатары өте азайып қалды. Бір кездері соғыстан 700 мыңға жуық тірі оралған жандардың бүгінде мыңға жуығы ғана бар. Оның ішінде Нұр-Сұлтанда екі ай бұрын 50 адам деп отыр едік, қазір 48-і ғана қалды. Бұл табиғаттың заңы. Олардың жасы қазір 90-нан асып кеткен. Олардың тең жартысы төсекке таңылған. Денсаулығы жоқ. Олай болмауы мүмкін емес. Себебі 1418 күн, 1418 түн суық окопта, салқын блиндажда қар төсеніп, мұз жастанып жатқан адамда қандай денсаулық болуы мүмкін?! Ол кісілер ендігі қалған өмірінде жас ұрпақтың құрметіне бөлене берсе екен дейміз», - деді ол.

Ал ардагерлерге биыл берілетін сыйақы көлемі қандай болмақ?

«Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мынадай шараны қабылдады. Әрбір ардагерге 850 мың теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Салыстырмалы түрде алсақ, көршілес Ресейде біздің ақшамен санағанда 450 мың теңге, ал тыл еңбеккерлеріне 350 мың теңге сыйақы тағайындапты», - деп Өмірзақ Озғанбаев салыстыру жүргізіп өтті.




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх