Қоғам

Нұр-Сұлтанда сессияны қаншаға «жабуға» болады – «Jas Оtan» жастар мәселесін көтерді

03 наурыз, 14:26165

«Jas Оtan» жастар қанатының брифингі барысында астаналық жекеменшік жоғары оқу орындары қызметтерінің бейресми бағалары жария болды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Jas Оtan» жастар қанаты төрағасының айтуынша, Нұр-Сұлтан – сессия тапсыру бағасы ең қымбат қала. Астанада оның бағасы 65 мың теңгені құрайды. Бейресми бағалар тізіміне сай, Қазақстан бойынша сессия тапсыру 22 мың теңгені құраса, Алматыда – 50 мың теңгеге жетеді. Ал бір пәнді «жабу» 14 мың теңге тұрады.

Дипломдық жұмысты 150 мың теңгеге, ал курстық жұмысты 32 мың теңгеге сатып алуға болады. Бұған қоса, ақылы бөлімнен грантқа ауысу қызметі бар. Студент 400 мың теңгеге ауыса алады. Сондай-ақ, 260 мың теңгеге әскери кафедраға түсуге болады.

«Jas Оtan» жастар қанаты анонимдік сауалнама барысында студенттердің 12,5%-ның өздері оқитын жоғары оқу орнында сыбайлас жемқорлық бар деп жауап бергенін анықтады. Құпия сауалнамаға қатысқан студенттердің пікірінше, жемқорлық фактілері емтихан мен сынақ (23,8%), дипломдық жұмыс (8,7%) тапсыру кезінде жиі кездеседі. Респонденттердің 32,5%-ы осылай жауап берген.

Атап өтсек, «Jas Оtan» жастар қанаты елдің сыбайлас жемқорлық ең көп жайлаған жеті жоғары оқу орнын да жария етті. Бұған қоса, жатақханада тұратын студенттерге қандай жағдай жасалғанын айтып берді.




Наверх