Қоғам

Нұр-Сұлтанда жалғызбасты ана 4 баласымен жертөледе тұрып жатыр

18 шiлде, 16:36150
Автор: Elorda Aqparat
Скрин видеодан/коллаж Елтай Нұрғазин Скрин видеодан/коллаж Елтай Нұрғазин

Елордада жалғызбасты ана жарты жылдан бері жертөлені паналап жүр. Бір емес, 4 баласымен далада қалған келіншек биліктен баспана беруді сұрайды. Тұрақты табысы да жоқ әйел балаларының бір жәрдемақысына қарап отыр. Шарасыз қалған ананың базынасын Астана телеарнасы жеткізді.

Бибіғайша Исабекова қазір өркениеттен қол үзіп қалғандай күй кешіп жүр. Жалғызбасты ананың жертөлені паналап отырғанына жарты жылдан асты. Көпбалалы отбасы үшін атаулы әлеуметтік көмектен басқа табыс көзі жоқ. Ал жұмыс істеу үшін 4 сәбиді қараусыз тастап кетуге қорқады.  

«Бір жерде тұрдым. Ол суық болды, 45 мыңға жалдадым. Оған ақша керек, ақшам болған жоқ. Қосымша коммуналық қызмет ақысы болды. Сосын жағдайым болмай, осы жерге көшіп келдік. Алимент төлемейді. Өйткені жұмысы да жоқ», - дейді көпбалалы ана Бибіғайша Исабекова.

Мемлекеттен баспана алу үшін Бибіғайшаның қажетті құжаттарынан қателік кеткен. Осы қалада 3 жылдан бері тұратынын растайтын анықтаманы әлі ала алмай жүр. Бұл куәліксіз оған пәтер берілмейді. Жалғызбасты ананың айтуынша, жауапты мекеме мәселені шешуден ат тонын ала қашқан.  

«Мені жібермеген жері жоқ. Үш рет сотқа бардым. "Құжатыңыз дұрыс емес", "сіз бізге қарамайсыз" деп, тағы да басқа жерге жібереді. Ол жақта да менің мәселемді ешкімнің қарағысы жоқ. Осылай жүргеніме жарты жыл болды», - деді ол.

«Жастар» тұрғын үй кешеніндегі тұрғындар бұл отбасының жағдайын жақсы біледі. Бірақ азық-түлік апарып бергеннен басқа көмекке қауқарсыз.   

«Жертөледе тұру деген осы заманға жатпайды ғой. 4 баласы бар. Не аяқ киімі жоқ, киімдері тозық. Осы жерде шауып ойнап жүреді», - деп баяндады қала тұрғыны Зейнолла Рашидов.

Жертөленің ішінде жарық та жоқ, дәретке отыратын жер де жоқ. Астананың орталығы... Шешесі әкеліп, 4 баланы мына ойын алаңына тастап кетті. Отбасының жағдайын айтып, пәтер иелері кооперативіне бардық. Олар жертөленің заңды иесі бар екенін айтып отыр. 

«Мен оның балаларымен бұл жерде тұрғанына қарсы емеспін. 4 баласымен жалғыз әйел қайда барады? Бірақ мұнда ешқандай жағдай жасалмаған. Не су, не жарық жоқ. Ондай жерде адам қалай өмір сүреді?! Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты жалғызбасты ананың жағдайынан хабардар», - дейді жертөленің иесі Саяна Смағұлова.

Байқоңыр ауданы әкімі аппаратын тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Рүстем Әбдірашев бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді.

«Жертөле жеке секторға тиесілі. Бізге 10 күн бұрын хабарласты. Отбасын әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету әкім аппаратының құзіретіне кірмейді. Сондықтан олар Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жүгіне алады», - деп көрсетті Р.Әбдірашев.


Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх