Қоғам

Нұр-Сұлтанда 42,5 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек төлене бастады

30 наурыз, 18:47228
Автор: Elorda Aqparat
Фото авторы Александр Куприенко/Elorda Aqparat Фото авторы Александр Куприенко/Elorda Aqparat

Нұр-Сұлтан қаласында 42,5 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек төлене бастады, деп хабарлайды Елорда Инфо қалалық әкімдікке сілтеме жасап.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес төтенше жағдай режимі салдарынан уақытша жұмыссыз қалған адамдар қаржылай көмекке үміткер бола алады. Елорда әкімі бүгін Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының орталығында болды. Алтай Көлгінов келіп түскен өтініштерді жедел өңдеп, тұрғындарға кеңес беруді тапсырды. Елордада 120 мыңға жуық тұрғынның жұмысы уақытша тоқтатылды. Олар қызмет көрсету, сауда және т.б. салада жұмыс атқарады.

Фото авторы Александр Куприенко/Elorda AqparatФото авторы Александр Куприенко/Elorda Aqparat

Қазіргі таңда қалалық штабқа жұмыс берушілерден мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 3 мың қызметкердің төлемі бойынша 500 өтінім келіп түсті. 300-ге жуық қызметкер төлем алады. Өтінімді «Электрондық үкімет» веб-порталында «электрондық өтініш» сервисі арқылы электрондық форматта беруге болады. Сонымен бірге 55-14-87, 55-01-74, 55-69-59, 55-67-12 нөмірлері бойынша кеңес алуға болады.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Nur Otan» партиясы 8 мың аз қамтылған отбасының картасына 50 мың теңге аударады.

Бұдан басқа, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар үшін қосымша қолдау шарасы енгізілді. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мен мектеп жасындағы балаларға арналған мемлекеттік әлеуметтік көмек (МӘК) беріледі. Наурыз айында мемлекеттік әлеуметтік көмекті 2 мың 600 отбасы алды – бұл 4,5 мың бала.

Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 3 мың 400 отбасыға тағайындалды. Карантин уақытында тікелей байланысты болдырмау мақсатында, егер отбасы құрамы, тұратын мекенжайы және табыс деңгейі өзгермеген жағдайда, АӘК отбасыға өтінімсіз беріледі.

Сонымен бірге ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға, барлық жастағы 1 және 2 топтағы мүгедектерге, АӘК алушыларға қосымша қолдау шарасы ретінде карталарына 10 мың теңге аударылады (айдың басында 2 АЕК, айдың ортасында тағы 2 АЕК аударылатын болады). Тұрғындарды қолдау шаралары жалғасады. 




Наверх