Қоғам

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала»: Елордада қалалық акселератор жұмысы талқыланды

17 қаңтар, 23:5471
Фото авторы: Александр Куприенко/Elorda Aqparat Фото авторы: Александр Куприенко/Elorda Aqparat

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қалалық акселератор жұмысы жөнінде елорданың қоғам қайраткерлерімен кездесті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Президент біздің алдымызға «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру міндетін қойды. Уақытты ескере отырып, қоғамның талабына сай жоспарларға түзету енгізбекпіз. Елбасының тапсырмасы бойынша «Нұр-Сұтан – жайлы қала» мастер-жоспары қабылданды. Бұл жоспарды талқылау үшін мұнда әріптестеріміз бен қаланың белсенді азаматтары шақырылды. Жоспар халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жасалған», – деді Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар қала басшысы өткен жылы Сарыарқа ауданында жүзеге асырылған бюджетке қатысты қанатқақты жобаның елорданың басқа да аудандарында жүзеге асырылатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл жобаны биыл қаланың басқа да аудандарында жүзеге асыратын боламыз. Жобаның негізгі идеясы тұрғындарды бюджеттің үлестірілуіне қатыстыру болып саналады. Балалар алаңы мен спорт алаңдарын абаттандыру кезінде атқарушы орган тұрғындардың пікіріне құлақ асатын болады. Онда қала тұрғындарына ең бірінші не нәрсенің қажет екені ескеріледі», – деді әкім.

Оның сөзінше, биылдан бастап ірі қалалардың тәжірибесі бойынша «Қоғамдық кеңістік» бағдарламасы жүзеге асырылады. Бағдарлама «адамдар қаласы» консепциясының маңызды бөлігі болып саналады.

«22 жыл ішінде қала әлемдік астана деңгейінде үлкен орталыққа айналды. Бірақ біз көгалдандыру, абаттандыру, ыңғайлы аула, көліктер бөгет жасамайтындай демалуға арналған орындар сияқты қоғамдық кеңістікті дамыта отырып, одан әрі дами түсуіміз керек. Желтоқсан айынан бері әр аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіліп жатыр. Ондай кездесулер алдағы уақытта да жалғасатын болады», – деді А.Көлгінов.

Кездесу барысында Урбанистика орталығының басшысы Асхат Сәдуов «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жобасы туралы айтты. Жобада көпірлердің құрылысы, қаланы көгалдандыру, барлық саябақтың интеграциясы қарастырылған. 

Фото авторы: Александр Куприенко/Elorda AqparatФото авторы: Александр Куприенко/Elorda Aqparat

«Бізге қаланың шеткі аймақтарындағы, ипподром аумағындағы жасыл кеңістікті дамыту керек. Бұл жоба қазірдің өзінде жасалып жатыр. Онда визит-орталық, вело жалға беру, сафари-парк, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар қарастырылған. Ондағы орманды алқап өте тамаша рекреациялық аумақ болады», – деді А.Сәдуов.

Қала әкімі бұл жобаның елорда үшін қаншалықты маңызды екенін айтып өтті.

«Демалыс күндері тұрғындарға қала сыртында баратын жер жоқ. Сондықтан біз «Қоғамдық кеңістікті» дамыту аясында осындай орындарды дамытқымыз келеді. Өздеріңіз білесіздер, ипподром әуежайдан алыс емес. Ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін осындай орындар қажет. Оның үстіне, дамуында ерекшеліктер бар балаларға иппотерапияның пайдасы зор. Осылайша, спортты дамыта отырып, түрлі диагнозы бар балалардың еміне де көмектесе аламыз. Ипподром кеңейеді. Онда қыстың күндері шаңғы тебуге мүмкіндік қарастырылады. Ал орманды белдеуде сафари-парк болады. Біріншіден, бұл – салауатты өмір салты, екіншіден, бұқаралық спортты, сонымен қатар туризмді дамыту», – деді қала басшысы.

Сонымен қатар елорда әкімі 3 жыл ішінде қалада тағы 130 шақырым веложолдың салынатынын жеткізді. 

Фото авторы: Александр Куприенко/Elorda AqparatФото авторы: Александр Куприенко/Elorda Aqparat

Сондай-ақ қоғам өкілдері, белсенді азаматтар қалада автотуризмді дамыту, жаздың күндері суға шомылу орындарын кеңейту, автомобиль жолдарының жолағында веложолдарды салу жөнінде өз ұсыныстарын айтты.




Наверх