Қоғам

«Myń Bala» олимпиадасының бірінші кезеңінің қорытындысы шықты

11 наурыз, 15:2857
Автор: Elorda Aqparat

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент қоры мен «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры Елбасының «Ел Yмiтi» бастамасын жүзеге асыру аясында  «Myń Bala» Ұлттық олимпиадасының бірінші кезеңінің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Естеріңізге салайық, олимпиада 24 ақпанда басталып, оған еліміздің ауыл мектептеріндегі 5 және 6-сынып оқушылары, барлығы 295 мың оқушы қатысты. Алғашқы кезеңде биылғы оқу жылының І және ІІ тоқсандарындағы «Математика», «Жаратылыстану», «Информатика», «Қазақ тілі», «Орыс тілі» және «Ағылшын тілі» пәндері үлгерімінің нәтижесі бойынша 5000 оқушы іріктелді. Бірінші кезеңнен сәтті өткен үміткерлер олимпиада қатысушысы сертификатына ие болып, екінші кезеңге жолдама алады.

Екінші кезеңде функционалдық сауаттылық пен абстаркты-логикалық ойлауды бағалайтын компьютерлік тестілеу нәтижесі бойынша 1000 бала іріктеледі. Тестілеу аймақтардағы Назарбаев Зияткерлік мектептері негізінде өтеді. Екінші кезеңдегі сынақтың ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында мүдделі тараптар үшін бейне-трансляция ұйымдастырылады. Бейне-трансляцияны көру сілтемесі тестілеу күні fpp.kz интернет-ресурсында орналастырылады.

1000 жеңімпаз-оқушының тізімі 2020 жылдың 11 мамырында fpp.kz интернет ресурсында жарияланады.  Ең жоғары ұпай жинаған жеңімпаздарға дарынды балаларға арналған мектепте білімін жалғастыру және Нұр-Сұлтан қаласында жазғы лагерьде қатысу ұсынылады.

Екінші кезеңге өткен оқушылардың Қатысушы жадынамасымен танысуды сұрайды.

Қосымша ақпаратты +7 7172 248805 байланыс нөмірінен білуге болады.




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх