Руханият

«Мен қазақпын» әні – ішкі қайраудан, жігерленуден шыққан туынды – автор

16 желтоқсан, 09:36947
Фото Нұржан Өмірбаевтың жеке мұрағатынан Фото Нұржан Өмірбаевтың жеке мұрағатынан

Қазақ әскері мен қалың көпшіліктің қосылып айтатын ұранына айналған «Мен қазақпын» әні мәтінінің авторы, айтыскер ақын Нұржан Өмірбаев Елорда Инфо тілшісіне сұхбат берді. 

– Нұржан, жүрегіңді жарып шыққан төл туындыңның көпшіліктің көңіліне жол тауып, бұқараның ұранына айналып жатқаны құтты болсын! Әңгіменің әлқиссасын «Мен қазақпын» әнінің қалай шыққанынан бастасақ.

– Бұл 2017 жылы туған өлең болатын. Әуелі әннің мәтіні ойға келіп, қызылордалық сазгер бауырым Жарасқан Төлебайға жібердім. Ол да тез уақыттың ішінде домбырамен орындаған әуенді жолдады. Содан табиғатына келеді-ау деп әнді Қуандық Рақымға ұсындық.

Негізі бұл – қайраудан, жігерленуден шыққан дүние. «Елді ойлайтын арлан азамат туса, оны қабатын мың ит қоса туады» дегендей, әлеуметтік желі болсын, басқа да ақпараттық көздерден жетістікке жеткен қазақ баласының қолынан емес, аяғынан тартатындар көп. Алайда жарқырап көрінген бір қазақ болса, соған барша қазақтың бар жанымен қуанып, шын пейілімен, ыстық ықыласымен батасын беріп, тілекші болғанын қалаймыз. Бірақ біреу қателік жіберіп қойса, тентегін текті сөзбен тезге салғанның орнына жан-жақтан теуіп, сөзбен сойыл соғып, әйтеуір оның ар-ұятын төгуге, айқайлап: «ойпыр-ай, мынау осындай масқара болыпты» деп жеткізуге асығамыз. Сондай сәтте сүрініп кеткен, бүгіліп кеткен адамды, керісінше, тізесін қағып: «әй, бауырым мұның дұрыс болмады, енді аяғыңды аңдап бас» деп, ақылын айтып, тұрғызып жіберетін қазақ болса екен деген арзу арманнан шыққан дүние – бұл. Әннің қысқаша тарихы осылай. 

Бір айта кететіні, бұл әннің қазіргі орындалуында мәтіннің бір-екі жері қате айтылып жүр. Мысалы, «Сүрінгенде, бүлінгенде» деп айтылып кеткен. Ал мәтіннің түпнұсқасында ол «Сүрінгенде, бүгілгенде» болатын. Одан кейін «Желдей жүйрік жылқы мінбей жалғанда» емес, дұрысы:

«Желдей жүйрік жылқы мінбей, арманда

Аламанда ат оздырмай кетер ем!» болуы керек. Әнді көпшілік орындағанда осы дұрыс нұсқасымен шырқаса екен деген тілегім бар автор ретінде.

– Бұл ән жарыққа шыққанға дейін де Қуандық Рақыммен шығармашылық байланыста болып, оның орындауындағы талай әннің мәтінін жаздың. Ал дәл осы әннің осыншалықты ұранға айналатынын сол кезде сездің бе?

– Қалың бұқаралық сипатқа ие болатын осындай танымал әнге айналады деп аса ойламадым. Ешкім де олай ойламайтын шығар.

– Осы әнге қатысты қандай да бір сын айтылды ма?

– Ақындар тарапынан мәтіннің көркемдік деңгейіне байланысты сын айтылып жатады. Аса бір көркем, шырайлы, кестелі тілмен жазылмаған. Оны білемін. Мұндағы сөздің мақсаты – ұран негізі. «Пафос» деп те айтады. Шынымен-ақ бұл – пафос та. Бірақ «Мен қазақпын!» деп мақтанарлықтай пафос деп ойлаймын. «Мен қазақпын» деп айтатын сәт келгенде қашанғы бұғып жүрмекпіз?!

Бұл әнді Сабыр Адай ағаның «Әр қазақ – менің жалғызым» деген бір ғана сөзінің 2 шумақпен жазылған нұсқасы деп те айтуға болады. Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын!» атты шедеврінің шекпенінен шыққан жас жүректеріміздің тілегі деп те айтуға болады. 

Солдан оңға қарай: Жарасқан Төлебай, Нұржан Өмірбай, Қуандық РақымСолдан оңға қарай: Жарасқан Төлебай, Нұржан Өмірбай, Қуандық Рақым

Ән әу басында Қуандық Рақымның орындауында да ел қуаттаған ән болып еді. Дегенмен қазақ әскерінің, үш мың сарбаздың сапта тұрып орындауы бұл әнге жан бітіріп, тіптен ерекше ете түскен сияқты. Ал биылғы Тәуелсіздік күні қарсаңында Павлодардағы «Jebe» мен «Қағандық» қоғамдық бірлестіктерінің бастаған челленджі осы әнге, әнге ғана емес, жалпы бүкіл елге үлкен дүмпу бергендей.

– Халықтың ұранына айналған ән сенің өзіңе қалай әсер етеді?

– «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп» деп хакім Абай айтқандай, әннің сөздерінің тілге жеңіл тиюінің өз ұтымдылығы да бар сияқты. Өйткені бұл әнді балабақшадағы өз балаларымның орындағанын көргенде қуандым. Өзегіңді жарып шыққан өнер туындыңды өзегіңді жарып шыққан өз балаң мақтанышпен кеудесін шаттық кернеп шырқап тұрғанда шынымен тебіренесің.

Алауыздықты, трайбализмді, рушылдықты, күншілдікті онсыз да көріп жүрміз ғой қоғамнан. Бірігетін, бір тудың астына жиналып, «Мен қазақпын!» деп, ұлтымызды ұран етіп айтатын сәт келді. Өзге ұлттың азаматтары қазақ даласының жұпар ауасын жұтып, нанын жеп, суын ішіп жүрген соң олар да еліміздің намысын қорғап, бізбен бірге қуанса дейміз. Бұл осы челленджде көрініс тауып та жатыр. Ұлттық арна ұсынған бейнежазбаны көрсеңіз, өзге ұлттар да «Мен қазақпын!» деп қосыла ұрандап жатыр. Оның өзі де үлкен жетістік деп ойлаймын. Жалпы, өзге ұлттардың осы әнді орындауын қазақ еліне деген құрметі әрі 30 жылға жуықтаған Тәуелсіздігіміздің жеңісі мен жемісі деп білемін.

– Сұхбатыңа рақмет!




Наверх