Қоғам

Эксклюзив

Мал базарындағы машақат: қиқы-жиқы қора, атымен жоқ сервис

12 тамыз, 16:28352
Суретті түсірген автор Суретті түсірген автор

Құрбандық шалу үшін бас қаладағы мал базарына барсаңыз, қалтаңызда қанша ақша болуы қажет? Мал базарының қызмет көрсету сапасы қандай деңгейде? Елорда Инфо тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

«Шопан ата» мал базары қаншалықты арзан?

«Шопан ата» деп аталатын базар Алаш тас жолының бойындағы «Әмір» мен «Рубиком» сауда үйлерінің ортасында орналасқан. Бұл базар кейіннен ашылғандықтан, астаналықтардың көбісі біле бермеуі мүмкін. Дегенмен аталған мал базарынан да адам аяғы әсте үзілмейді екен. Тұрғындардың айтуынша, осы базардағы баға басқа орындарға қарағанда арзандау. Мәселен, мұндағы қойдың бағасы жасы мен күйіне байланысты 25-30 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейінгі аралықта.

Айттың алғашқы күні түске дейін мұндағы тоқтылардың бағасы 30-40 мың теңгеден, сек қойлардың бағасы 50-60 мың теңгеден төмен түспеді. Тек түс ауа келушілер азая бастаған соң ғана баға сәл арзандады.

Қой сою + мүшелеп бұзу = 6000 теңге

Жалпы, құрбандық шалу үшін мұнда келетін астаналықтың қалтасында кем дегенде 40 мың теңге болуы керек. Мысалы, үлкен қойға көзіңіз түскенмен, жағдайыңызға қарап, ең арзан тоқтыны 30 мың теңгеге алдыңыз делік. Бірақ шаруа мұнымен бітпейді. Оны сойдыру үшін қасапшыларға жүгінесіз. Олардың ақысы – 3000 теңге. Бұл – тек сойып бергені үшін алатын ақысы. Ал мүшелеп бұзып берсе, оған қосымша 3000 теңге алады. Егер қасапшымен келіссеңіз, 1-2 мың теңгесін түсіруі де мүмкін. Бұдан бөлек, ішек-қарын тазалау ақысы 1000 теңге болса, бас ұйыту қызметі де – 1000 теңге. Айтпақшы қорадан қойды сатып алғаннан кейін оны 100-200 метр қашықтықтағы мал соятын орынға арбамен жеткізіп беретіндер 1000 теңге сұрайды. Бірақ оларды жалдау-жалдамау өз еркіңізде. Көлікке тиеп немесе өзіңіз көтеріп апарсаңыз да болады. Сонда барлық қызмет түрін қосқанда үнемдеген күннің өзінде Құрбандыққа қой шалудың құны 40 мың теңгенің айналасында шығады. 

Адам мен малға жағдай жасалмаған

Енді «Шопан ата» мал базарының сервисіне ойысайық. Бірақ мұнда «сервис» деген атымен жоқ. Базарда қой саудасын дөңгелетіп тұрғандар мен келушілерге мүлде жағдай жасалмаған. Мысалы, қой қамалған қоралардың төбесі ашық. Қораның өзі әртүрлі тақтаймен қалай болса, солай қоршалған. Тіпті шегесі суырылып, екі саудагердің қойларының бір-бірімен араласып кеткенін де көзіміз көрді. Оның үстіне, қораға сүйенсең, тақтай майысып, сынып кете жаздайды.

Ал отыратын бірде-бір орындық қойылмаған. Саудагер қолы қалт еткенде жерге малдас құрып отырмаса, басқа амал жоқ. Қоқыс тастайтын жәшік те болмағандықтан, айнала шашылып жатыр.

Қоралардың алдына су да тартылмаған, мал суаратын науа да қарастырылмаған. Мал суару үшін әркім бір-бірінен ыдыс сұрап, оған суды канистрмен 100-200 метр қашықтықтағы мал соятын орынның қасындағы құбырдан тасиды. Бірақ оны мал екеш малдың өзі әрең ішеді. Су өте тұзды әрі қоп-қоңыр лай. Күнделікті кешкілік газельмен әкелінетін су барлығына бірдей жетпейді. Ал адам ішетін суды табу тіптен мүмкін емес. Оны тек жалғыз асханадан қымбат бағаға сатып алуға тура келеді. Онымен қоса, бұл асханада тағамның тек 2-3 түрі ғана ұсынылады. Басқа таңдау жоқ.

Жә, шаң туралы айтпай-ақ та қояйық. Бірақ күн шыжығанда малға да, адамға да обал-ақ. Ыстықта клиенттердің көлігін көлеңкелемесеңіз, бұл жерден басқа қалқа таппайсыз. Егер күн күркіреп, найзағай жарқылдап, нөсер жауса, адамдардың қай жерді сауғалайтынын елестетудің өзі қиын. Бұл тұрғыда мал соятын орында жұмыс істеу тиімдірек пе деген ой келді. Алайда оның ішінен бірде-бір бейнебақылау камерасы көрінбеді. Тіршіліктің қызып тұрған шағында онда ине шаншар орын болмайды. Егер сондай сәтте көп адамның бірінің ақшасы яки керек заты қолды болса немесе түсіп қалса, болған жайдың ізін кесу де оңайға соқпасы анық. 

Сервис болмаса да, орын ақысы талап етіледі

Сервистік жағдайы мүлде жоқ болса да, мал базарының қызметкерлері саудагерлердің қалтасын қанайтын сияқты. Мысалы, территорияға кіргізгені үшін саудагерлер қойдың басына 1000 теңгеден ақы беруге міндетті болса, қиқы-жиқы қорадан орын алғаны үшін 25000 теңге тағы төлейді екен. Бұдан бөлек, бір бума шөпті 1000 теңгеден сатып алады. Үнемдегеннің өзінде қойлар түнімен 5-6 бума шөп жеп шығатын көрінеді. Қора сенімсіз болғаннан соң да саудагерлер үйлеріне қайтпай, осында көлікке түнеп шығуға мәжбүр боп жүргендерін айтады.

«Егер қора тормен қоршалып, есігіне құлып салынса, біз де ештеңеге алаңдамай, кешкісін үйге барып демалатын едік. Ал мұнда айт басталардан бірнеше күн бұрын келіп алғанбыз. Содан бері жағдайымыз осылай», – дейді олар.

Бұл базарға жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, елордадан шалғай ауылға сапар шеккендей күй кешесіз. Бір сөзбен айтқанда, аталған мал базары астананың атына мүлде сай емес. Құзырлы органдардың құлағына алтын сырға, осы мәселені назарға алса құба-құп болар еді.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх