Қоғам

Қызғылт көлге Нұр-Сұлтаннан қалай жетуге болады

26 қыркүйек, 19:313499
Автор: Elorda Aqparat
Фото: Динара Киндербаева Фото: Динара Киндербаева

Ерейментау ауданында орналасқан Көбейтұз көлі осы жазда кенет танымал болды. Көлдің лайы мен тұзы дертке шипа екені бұрыннан белгілі болатын, жұртты таң қалдырғаны – бірнеше жылда бір рет қызғылт түске боялатыны. Елорда инфо тілшілері нұр-сұлтандық туристердің қызғылт түсті Көбейтұз көліне қалай жетуге болатынын зерттеді. 

Көбейтұз көлі – Ақмола облысы Ерейментау ауданында орналасқан ірі көлдердің бірі. Емдік қасиетінен бөлек, туристерді еліктіретін жайт – көлдің қызғылт түсі. Ғалымдардың айтуынша, бұл - тұзды суда тіршілік ететін дуанелла (латын тілінде «Dunaliella salina») галофил бактерияларының көбеюіне байланысты.

Шипалы көлге жол жүргелі жатқан елордалық турист сапарын Нұр-Сұлтан-Павлодар трассасының бойымен бастау қажет.

Саяхатшыға жолда екі дәмхана мен бірнеше дәретхана, жанармай бекеттері кездеседі. Соның біріншісі – Нұр-Сұлтан қаласынан 40 км қашықтықта орналасқан «Миновское» кафесі.

 

«Біздің кафе Миновка ауылының атына сәйкес аталады. Бағаларымыз қолжетімді, ұсынар тағамдарымыз да дәмді. Кафеге кірер бұрылыс ыңғайсыз болғандықтан, жүк тасушы автокөліктер тұрақтамайды. Күніне әрі кетсе 5-10 адам келеді»,- дейді кафе иесі.

«Миновское» кафесінен 48 км жерде жанармай кұю бекеті шоғырланған. Ерейментау ауданына жақын жолайрықта да (Нұр-Сұлтан қаласынан 119-120 км қашықтықта) жанармай бекеті мен дәретханаларды байқайсыз.

Ерейментаудан өткен бетте «Қоржынкөл станциясы» атты тақтайшаға көзіңіз түседі (Нұр-Сұлтан қаласынан 176 км қашықтықта орналасқан).

Тақтайшадан оңға бұрылып, туннель арқылы жолдың арғы бетінде орналасқан «Ақжол» кешеніне жол тартыңыз.

«Кешеніміз 2016 жылдан бастап жұмыс жасайды, қонақ үй және кафеміз бар. Әзірге қонақ үйімізде 8 нөміріміз бар, бағасы – тәулігіне 5 мың теңге. Жаз мезгілінде туристер өте көп. Көлдің лайы мен тұзы дертке шипа болғандықтан, емделушілер қатары да көбейді. Жастық шағымда ата-әжелеріміз киіз үйін көтеріп, «Тұзға кеттік деп» ылғи айтатын», - деп кешен иесі Алтын Бөкешова естеліктерімен бөлісті.

«Ақжол» кешенінен оң жаққа шамамен 3 км жүрсеңіз, «Көбейтұз» көліне жетесіз.

Қыркүйектің қара суығына қарамастан, көл жағасында қарттар суға аяғын салып ем алса, басқалары Көбейтұздың тұзын жинап, суын бөтелкелерге құйып әлек.

Жергілікті тұрғын Сағади Нығметовтың айтуынша, бұл суды суық тигенде бөлме температурасына дейін келтіріп, денеге жағу қажет.

«Көлдің лайы мен тұзы сүйекке, теріге әсер етеді. Салқын тигенде бөлме температурасындағы балшықты, тұзды байлап қойса, өте жақсы қыздырады. Келетіндер көп, Қазақстан түгіл, Ресейдің де түкпір-түкпірінен саяхатшылар ағылып жатады».

Әсел ИБАДУЛЛА



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх