Қоғам

Коронавируспен ауырып жатқан 79 адам шетелден жұқтырып келген – министр

30 наурыз, 19:21122
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов онлайн конференция барысында елімізде коронавирус жұқтырған науқастар жайлы ақпарат берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Елімізде коронавирустық инфекция таралып келе жатыр. Қазіргі уақытта бұл инфекциямен ауыратын 302 науқас тіркелді. Ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында – 169 науқас, Алматы қаласында – 73, Атырау облысында – 12, Қарағанды қаласында – 13, Алматы облысында – 8, Ақмола облысында – 8, Жамбыл облысында – 3, Шымкент қаласында – 2, ШҚО-да – 2, Қызылорда облысында – 5, БҚО-да – 2, Ақтау облысында – 2, СҚО-да, Павлодар облысында, Маңғыстау облыстарында – 1», - дейді министр.

Біртановтың айтуынша 302 науқастың ішінде 14 жасқа толмаған 2 жасөспірім бар.

«Науқастардың ішінде 79 адам – өзге елдерден келіп ауырған азаматтар. Ал 97-сі – олармен қарым-қатынаста болған. Ал 131 науқас елімізде ауырған, оның себебі белгісіз. Осы ақпараттың негізінде біз еліміздің барлық өңірінде карантин шараларын күшейту туралы ұсыныс жасадық. Бүгіннен бастап мемлекеттік комиссия осындай шешім қабылдап, карантин шараларын күшейту туралы тапсырма берді», - дейді Елжан Біртанов.

Елжан Біртанов сөз арасында науқастардың жағдайына егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

«Науқастардың ішінде 8 адамның жағдайы нашар. Олардың 4-еуі жасанды вентиляцияда, жағдайлары күнделікті біздің бас мамандармен талқыланып, бақылауда. Сонымен қатар, орташа деңгейде 30 науқас бар, ал 244 науқас – жеңіл жағдайда немесе симптомсыз. Өкінішке қарай, Ақмола облысының 1 тұрғыны қайтыс болды. Қазіргі уақытта 21 науқас емделіп шықты: 14-і Нұр-Сұлтан қаласында, 7-еуі Алматы қаласында. Емдеу шаралары осыған дейін бекітілген алгоритм бойынша жүзеге асып жатыр», - дейді ведомство басшысы.




Наверх