Қоғам

Коммуналдық қызметтер тарифі неге жыл сайын қымбаттайды?

06 ақпан, 14:25417
Фото Алтынай Досмадиярова/Elorda Aqparat Фото Алтынай Досмадиярова/Elorda Aqparat

Биылдан бастап елордалықтар үшін коммуналдық қызметтер тарифінің қымбаттағаны белгілі. Бүгін елорда әкімдігінің ғимаратында өткен баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басшысы Болат Танабергенов мұның бірқатар себебін түсіндірді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Оның айтуынша, жыл сайынғы коммуналдық қызметтер тарифінің қымбаттауына коммуналдық кәсіпорындардың мемлекет алдындағы инвестициялық міндеттері әсер етеді.

«Инвестициялық бағдарлама кәсіпорынның іс жүзіндегі активтерін арттыруға бағытталған. Біздің 5 субъект бойынша алар болсақ, 5 жылға бұл шамамен 30 млрд теңгені құрайды. Жыл сайын 1 мамырға дейін сол компаниялар біздің департаментке өткен жыл бойынша бекітілген инфестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметалардың орындалуы туралы есеп тапсырады. Егер міндет дұрыс орындалмаса, онда біз өтемдік тарифті енгіземіз», – деп атап өтті комитет басшысы.

Ресми өкілдің сөзіне сүйенсек, былтыр 5 негізгі субъект бойынша 500 млн теңгеден аса сомаға өтемдік тариф енгізілген. 

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласы Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Жандыбаев тарифтердің көтерілуі елдегі инфляциямен, сондай-ақ кәсіпорын қызметкерлері жалақысының өсуімен де байланысты екенін айтты.

Айта кетейік, биылдан бастап жеке тұлғалар үшін жылумен қамтамасыз ету бойынша тарифтер – 7,9 пайызға, сумен жабдықтау және бұру бойынша – 10 пайызға, электр энергиясымен жабдықтау бойынша 10 пайызға өскен болатын.




Наверх