Мәдениет

Қазақ режиссерлерінің фильмдері халықаралық кинофестивальдарға қатыстырылып жатыр

19 қараша, 22:0046
Автор: Elorda Aqparat
Дереккөз: kazakhfilmstudios.kz Дереккөз: kazakhfilmstudios.kz

Қазақ режиссерлерінің фильмдері халықаралық кинофестивальдарға қатыстырылып жатыр, деп хабарлайды Елорда Инфо "Қазақфильм" киностудиясының ресми сайтына сілтеме жасап. 

Ермек Тұрсыновтың "Шырақшы "фильмі Ресейдің Сочи қаласында қарашаның 16-ы мен 21-і аралығында өтіп жатқан Sochi International Film Festival and Awards кинофестивалінің басты байқауына қатысуда. 

Бұл фильм Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде неміс қариядан киноаппарат сыйға алған солдат туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетумен айналысады.

Кинотуындының әлемдік тұсаукесері XXII Шанхай халықаралық кинофестивалінің аясында  өткен. Фильмде басты рөлді сомдаған актер Мұратжан Мұқажанов Анапада өткен «Киношок» фестивалінде «Кино өнеріне адал кейіпкердің образын көркем сомдағаны үшін» қазылар алқасының дипломымен, ал картинаның операторы Мартин Сечанов  А.Княжинский атындағы «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесімен марапатталған. Жақында бұл картина «Алтын глобус» жүлдесіне үміткерлер қатарынан көрінген болатын. 

Ал режиссер Жаңабек Жетіруов түсірген "Шыңырау" фильмі 19-23 қараша аралығында Қытайдың Сямэнь қаласында өтіп жатқан 28-ші «Алтын әтеш және Жүз гүл» атты Бүкілқытайлық фестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысып жатыр. Бұл фильмді қытайлық көрермендерге режиссер Жаңабек Жетіруовтың өзі таныстыруда. 

Әбіш Кекілбаевтың повесі «Шыңыраудың» желісі бойынша түсірілген картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді. 

Естеріңізге сала кетсек, фильмнің түсірілімдері Маңғыстау облысында өткен. Картинада Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі көрініс табады. Фильмдегі басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Алдабек Шалбаев және Айжан Жетіру сомдаған. Отандық туынды Бангладеште өткен 17-халықаралық фестивалінің азиялық фильмдер байқауына қатысып, «Үздік операторлық жұмыс» (операторы Ривкат Ибрагимов) жүлдесін жеңіп алған. 

Сондай-ақ режиссер Адай Әбілдиновтың "Күлтегін" толықметражды анимациялық фильмі Түркияның Малатья қаласында қарашаның 15-і мен 19-ы аралығында өткен 9-Халықаралық Malatya кинофестиваліне қатысты. Бұл тарихи туындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. 

«Күлтегін» анимациялық фильмі көшпенді халықтардың басын біріктіріп, Ұлы көшпенділердің дәстүрін жалғастырған түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің балалық шағы туралы баяндайды. 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх