Қылмыс және оқиғалар

Қаржы пирамидасының тағы бір басшысы Бішкекте ұсталды

12 наурыз, 09:1259
Автор: Elorda Aqparat

Қазақстан полициясының сұранысы бойынша Қырғыз Республикасында «ESTATE Ломбард» ЖШС директоры Әсет Ысқақов ұсталды, деп хабарлайды Елорда Инфо Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қаржы пирамидаларының басшыларын осыған дейінгі ұстау жағдайлары секілді оның жолын Қазақстан Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері анықтады. Әсет Ысқақов осы жылдың ақпан айында шекараны кесіп өтіп, Бішкек қаласында жасырынған.

Қазақстандық және қырғызстандық полицейлердің өзара іс-қимылының нәтижесінде іздеуде жүрген Ысқақов көрші елде ұсталып, Бішкек қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қырғыз Республикасының құзыретті органдарына оны Қазақстанға экстрадициялау үшін материалдар жіберілді.

Осылайша, елден қашып кеткен барлық үш компанияның басшылары бүгінгі таңда қамауда. Жедел-тергеу шараларының нәтижесінде полиция жалпы алғанда 17 күдіктіні ұстады.

Ішкі істер органдары 42 мыңнан астам қазақстандықты алаяқтық жолмен мүлкін және қаржысын иеленіп кеткен «Гарант Ломбард 24» ЖШС, «ESTATE Ломбард» ЖШС және «Выгодный займ» ЖШС қаржы пирамидасының басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жалғастыруда.

Бұған дейін 27 ақпанда Қазақстан ІІМ-нің сұрауы бойынша Молдова Республикасының Кишинев қаласында тәртіп сақшылары «Гарант Ломбард 24» ЖШС құрылтайшысы Аслан Мырзабеков қолға түскен. Ал 28 ақпанда Қазақстан мен Ресей шекарасында «Выгодный займ» ЖШС құрылтайшысы Жанболат Есіркепов ұсталды.




Наверх