Қоғам

Карантин кезіндегі Наурыз: Елордалықтар Ұлыстың ұлы күнін қалай тойлап жатыр

22 наурыз, 16:09315
Автор: Elorda Aqparat

Жылда осы кезде бүкіл елімізде мерекелік іс-шаралар өтіп, алаңдарда наурыз көже мен ұлттық тағамдар пісіріліп, ән-би орындалып, ұлттық ойындар ұйымдастырылатын. Ал биыл бәрі өзгеше. Елорда Инфо тілшісі карантин енгізілген Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары биыл Наурыз мерекесін қалай тойлап жатқанын білді.

Ұлттық музей қызметкері Айгүл Рахтаева қазақтың жаңа жылын қалай атап өткендерін айтып берді.

«Биылғы Наурыздың ерекшелігін айтатын болсақ, алаңда көпшілік іс-шаралардың өткізілмеуіне байланысты үйде өзіміздің отбасымызбен тойлап жатырмыз. Қауіпті індеттің таралуының алдын алу шараларына байланысты әркім Наурызды өз жанұясында қарсы алуда. Бала-шаға, туған-туыс, ағайындар бір-бірімізді бейнебайланыс арқылы құттықтап жатырмыз. Үкіметтің қолданып жатқан шараларын ұқыптап тыңдауымыз керек, сонда ғана жақсылыққа жетеміз. Бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - дейді ол.

 

 

Тұрғын карантинде жатқан азаматтарға кеңес те берді.

«Көктемде адам ағзасына көп дәрумен керек. Ал дәрумен мен пайдалы заттың барлығы қазақтың ұлттық тағамдарының құрамында бар. Сондықтан ұлттық тағамдарды көп тұтыныңыздар. Наурыз көже, уыз, талқан және одан жасалған тағамдар бар. Жалпы ұлттық тағамдардың қай-қайсын алсақ та, ет, сүт, дәнді дақылдар, ұннан жасалған тағамның бәрі ағзаға пайдалы. Әрбір үйге бармай, үйде отырсақ та, өзім наурыз көже пісірдім. Наурыз көже жыл бойы молшылық болсын деген тілекпен дайындалады. Негізі, біз Наурызды жылда үйде отбасымызбен қарсы алатынбыз. Сондықтан біз үшін аса үлкен айырмашылық жоқ. Бастысы, ақ мол болсын, деніміз сау болсын. Коронавирусты жеңіп, Қазақстанымыз гүлдей берсін», - деп тілек білдірді Рахтаева.

Астананың тағы бір тұрғыны Айгүл Қаратаева да Ұлыстың ұлы күнін қалай тойлап жатқанын әңгімелеп берді.

«Біз де барша тұрғын сияқты мерекені өз жанұямызбен атап өтудеміз. Наурыз көже, бауырсақ пісіріп, дастархан жайдық. Бұрын алаңдағы мерекелік іс-шараларға шығып, туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң бір-біріміздің үйімізге кіріп, мәре-сәре болатынбыз. Биыл ондай жоқ. Дегенмен үйіне қонаққа шақырып жатқандар да бар. Әзірге ешқайда бармай, ешкімді үйге шақырмайтынымыз анық. Індеттің тарауына байланысты баршамызда жауапкершілік болуы тиіс. Ал аманшылық болса, Наурызды келер жылдары да атап өтуге болады деп ойлаймын», - дейді А.Қаратаева.

Тұрғындар әлеуметтік желілерде де Наурызды қалай тойлап жатқанын бөлісіп жатыр.

«Биыл Наурызды тоғыз күн тойлатып, жылдағыдан өзгеше Наурыз болар деп едік. Өзгешелігі енді сезілді. Ең бастысы тәжтажалдан аман болып, жаңа жылды жаңа қуанышпен қарсы алайық. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!»,  деп жазды Facebook-те журналист Алтынбек Құмырзақ.

«Қыстың қаһарынан құтылып, көкке ілініп, арқаны кеңге салып Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесін емін-еркін тойлатамыз деген едік. Елді, ерді сынайтын кез келді. Үлкен сынаққа сынбайық! Карантинде отырып-ақ тойлатуды бастайық, жамағат! Наурызда айтылған барлық жақсы тілек орындалады деп жатады ғой, Наурыз барлығыңызға құт-береке әкелсін! Наурыздан наурызға аман-есен жете берейік, достар!», - деп жазды Facebook-те Бибібәтима Қадырова есімді пайдаланушы.

 

Қымбат Елтайқызы




Наверх