Қоғам

Карантин кезінде астанада 120 мың адамға әлеуметтік төлем беріледі – Көлгінов

31 наурыз, 13:00162
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram желісіндегі Tengrinews парақшасында тікелей эфирге шығып, жұмыссыз қалғандарға берілетін әлеуметтік төлемдер жайлы қозғап өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Бізге 109 iKomek қызметі арқылы көп сұрақ түсіп жатыр. Карантин басталғалы бері 107 мың сауал келіп түсті. Оның жартысы карантиндік шаралар, коронавируспен күрес туралы. Сондықтан қала тұрғындарымен байланыста болу бізге өте маңызды. Сол себепті бүгін жұртшылықты қандай сұрақ алаңдататынын білу үшін тікелей эфирге шығып отырмыз», - дейді әкім.

Шаһар басшысы сөз арасында қазір жұртшылықты жұмыспен қамту мәселесі алаңдататынын ерекше атап өтті.

«Сол себепті Мемлекет басшысы уақытша жұмыс істей алмай жүрген азаматтарға әлеуметтік төлемдер жасау туралы шешім қабылдады. Қазір бізде ірі сауда-ойын-сауық орталықтары, азық-түлік дүкендерінен басқасының бәрі уақытша жабылды. Ал мейрамханалар тапсырыстарды жеткізу және онлайн қызмет көрсету арқылы жұмыс істей алады. Қазір біраз қызмет көрсету онлайн жүйеге көшті. Осыны ескере отырып, біз жұмыспен қамту орталығы арқылы түскен мәліметтер бойынша 120 мың адамға карантин уақытында 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем жасаймыз», - дейді Алтай Көлгінов.

Әкім сөз арасында «Біз біргеміз» қоры арқылы жүріп жатқан әлеуметтік көмекке ерекше тоқталып өтті.

«Бұдан бөлек, Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қоры арқылы "Nur Otan" партиясымен бірлесіп әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың шотына 50 мың теңгеден аударып жатырмыз. Елордада 7 мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған отбасы бар», - дейді әкім.




Наверх