Елорда резиденттері

Қала билігі жалғызбасты аналардың кәсіп бастауына қолдау көрсетті

07 маусым, 15:22494
Фото авторы Василий Красъ Фото авторы Василий Красъ

Қала билігі кәсіпкерлермен бірлесіп, көп балалы және жалғызбасты аналардың кәсіп бастауына мүмкіндік қарастырып отыр. Көмекке мұқтаж кейбір отбасыға сауда орны тегін ұсынылуда, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Екі баласын өзі асырап отырған жалғызбасты ана Гүлнұр Жалғасова сол жағалаудағы шағын маркеттердің бірінің алдында балмұздақ сатады. Кәсібін бастағанына 3-4 ай болыпты. Айтуынша, мұздатқыш пен басқа да қажетті жабдықты алуға 300 мың теңге жұмсаған. Ал тұрған орны уақытша тегін берілген. Яғни ай сайын ақы төлемейді. Кәсібін дөңгелетуге осындай жағдай жасап отырғаны үшін Гүлнұр Жалғасова жергілікті билік пен шағын маркеттің қожайынына шексіз алғысын жеткізді.

«Елордаға көшіп келгеніме 7 жыл болды. Пәтер жалдап тұрамын. Осы уақытқа дейін әртүрлі жерде жұмыс істеп, нәпақамды таптым. Өзім үшінші топ мүгедегімін. Сондықтан 5-6 сағаттан көп жұмыс істеуге болмайды. Бірақ жекеменшік мекемелер оған қарамайды. Ал тапқан табысым күнделікті күнкөріске жетпеді. Жеке кәсібімді бастағым келіп, әкімдіктен көмек сұрадым. Қалалық және Есіл аудандық әкімдігі қолдау көрсетіп, кәсіпкерлер қол ұшын созды. Бәріне алғысым шексіз», – дейді ол.

Таңғы сағат 10.00-ден кешкі сағат 22.00-ге дейін жұмыс істейтін Гүлнұр Жалғасова қазіргі табысының жаман емес екенін айтады. Ол жұмыста болғанда 12 жастағы үлкен баласы туыстарының үйінде, ал 4 жасар баласы балабақшада болатын көрінеді. Жазғы маусым аяқталып, күн суытқан кезде Гүлнұр жабық сауда үйлерінің ішінен орын қарастырып, кәсібін әрі қарай дамытуды қолға алмақ.

«Баспана кезегінде тұрған жоқпын. Бірақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкінде есеп-шот ашып, ай сайын 35000 теңгеден жинап жүрмін. Мемлекетке масыл болмай, пәтерді өз күшіммен алғым келеді. Бұйырса келер жылдың басында баспаналы болуға әрекеттеніп көремін», – дейді ол тағы бір сөзінде.

Ал Гүлмира Салабаева бүгін «Пригород» тұрғын алабынан көкеніс пен жеміс-жидек дүңгіршегін ашты. Темірден жасалған шағын павильонды әкімдік пен кәсіпкерлер тегін орнатып берген. Көпбалалы әрі жалғызбасты ана аяққа тұрып алғанша орынға да жалға алу ақысын төлемейді екен. Оның үстіне, сатылымға қойылған сөредегі жеміс-жидек пен көкеніске де Гүлмира өз қалтасынан ақша шығармаған. Ол да әкімдіктің қолдауымен демеушілер есебінен әкелініпті. 

«Әкімдік тарапынан бізге көп көмек көрсетіліп жатыр. Бұған дейін жалға алу бойынша осы «Пригород» тұрғын алабынан 2 бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Онда сіңлім екеуміз балаларымызбен бірге тұрамыз. Оның 6 баласы, менің 4 балам бар. Жиыны 12 адам 60 шаршы метр болатын пәтерді мекендеп жатырмыз. Екеумізде де жұмыс жоқ. Осы уақытқа дейін атаулы әлеуметтік көмекпен ғана күн көріп келдік. Оның алдында кондуктор болып істегенмін. Декретке шыққан соң балаларға қарап үйде отырдым. Енді, міне, өз кәсібімізбен айналысуға мүмкіндік жасалып отыр. Сауданы сіңлім екеуміз кезектесіп жүргізетін боламыз. Барлық шығынды әкімдік пен кәсіпкерлер өздері көтерді. Оларға көп-көп рақмет», – дейді Гүлмира Салабаева.

Ресми мәліметке сүйенсек, елордада 14 мыңнан аса көпбалалы ана тіркелген. Олардың 4 мыңы атаулы әлеуметтік көмек алатын көрінеді. Қала әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Эльвира Жүргенбаеваның айтуынша, көпбалалы әрі жалғызбасты аналар мен әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды қолдауға арналған түрлі бағдарлама бар. Мәселен, «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Көше саудасына – 1000 орын» жобасы аясында тұрмысы төмен отбасыларға жылына 15 орынды конкурссыз негізде бөледі. Сол сияқты азпазшы, наубайханашы, тігінші, әкімші, маникюр шебері сияқты басқа да сұранысқа ие кәсіптік мамандықтарға оқыту курстары жүргізіледі. Оқыту барысында оларға ай сайын 16759 теңге шәкіртақы төленеді. Сондай-ақ әкімдік оларды жұмысқа орналастыруға да, кәсіптерін ашуға да қолдау көрсететінін айтады Эльвира Жүргенбаева.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх