Қоғам

Кәсіпкер әйелдер бизнес-жобаларын таныстырды

22 мамыр, 15:57366

Бүгін елордада кәсіпкер әйелдерге арналған Umay Boost жобасының қатысушылары өздерінің бизнес өнімдерін таныстырды, деп хабарлайды Elorda Info тілшісі.  

Бизнес-жобалар білім беру, IT, қоғамдық тамақтану, сүт өнімдерінің өндірісі, маркетинг, тұрмыстық қызметтер, мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру секілді бірнеше салаға бағытталған.

Мысалы, астаналық кәсіпкер Әсем Керімбаева жуырда IT Talant атты бағдарламалау мектебінің негізін қалапты.

«Мен бұған дейін балаларды дамыту орталығын ашып, 2013 жылдан бері сол істі сәтті жүргізіп келемін. Онда 8 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді оқытумен айналыстық. Кейінірек шәкірттеріміздің әрі қарай дамуына әсер етпек ниетпен бүгінде сұранысқа ие салалардың бірі – бағдарламалауға маманданған жаңа мектеп ашуға бел будық. Әзірге бұл жобамыз пилоттық режимде жұмыс істеуде. Қазір мұнда 9-11 жас аралығындағы балалар кодтау тәсілін меңгеріп, өздерінің мультфильмдері мен ойындарын жасап жүр», – деді ол.

Umay Boost жобасына өзге өңірлерде де кәсібін дөңгелетіп жүрген қыз-келіншектер қатысты. Солардың бірі Мәдина Бисенова эко-стильдегі «Индиго-Тараз» балабақшасының стратегиясы жайлы былайша баяндады:

«Балабақшаның ерекшелігі сол, мұнда тәрбиеленушілер экологиялық таза өніммен тамақтанып, денсаулыққа зияны жоқ ойыншықтармен ойнап, табиғи материалдардан жасалған жиһаздарды пайдаланатын болады. Сондай-ақ олардың бойындағы soft skills, яғни, болашақта қажетті қабілеттерді жетілдіреміз».

Өз кезегінде кәсіпкерлер, маркетологтар және бизнесті дамыту жөніндегі кеңесшілерден құралған қазылар алқасының мүшелері осындай «жасыл» балабақшаның Нұр-Сұлтан қаласында да үлкен сұранысқа ие болатынын, келешекте бұл идеяны елордада да іске асырудың тиімді екенін жеткізді.

Umay Boost жобасының ұйымдастырушысы Мерей Мұстафинаның айтуынша, аталған байқауға 49 өтініш келіп, оның  арасынан 16 финалист таңдалып алыныпты.

«Оларға кәсіпкерлік салада кемінде 3 жылдық тәжірибесі және 20 млн теңге жылдық айналымы болуы ең негізгі шарт ретінде қойылды. Финалистеріміз сәуірдің басынан бастап стратегиялық жоспарлау, бизнес-үлгілеу, қаржылық талдау, маркетинг, кадрларды басқару және ІТ-шешімдерді қолдану бойынша тренингтерден өтті. Мұның бәрі кәсіпкер әйелдердің тәжірибесі үшін пайдалы мәлімет болғаны сөзсіз», – деді ол.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх