Қоғам

«Jas Otan» Қазақстанның ең нашар жатақханаларының Топ-15-ін атады

03 наурыз, 12:41204

Бүгін «Jas Otan» жастар қанатында студенттер жатақханаларда қандай жағдайда тұрып жатқаны қозғалды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Жастар қанатының деректері бойынша еліміздің барлық облысында, сондай-ақ республикалық маңызы бар үш қалада 645 студенттік жатақхана бар, олардың ішінде 270-і – ЖОО-лардың, 375-і – колледждерге тиесілі.

Талдау барысында 259 мың студент, яғни Қазақстанның әрбір төртінші студенті жатақханадан орын сұраған. 169 мың студенттің өтініші қанағаттандырылды. Бұл жалпы өтініштің 67%-ын құрайды.

«Jas Otan» төрағасы Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, 2 мыңнан астам студент пен жастар қанатының белсенділері 270 жатақханаға рейд жүргізді.

«Қазіргі уақытта жоғары оқу орындары мен колледждердің жанында жұмыс істейтін 66 студенттік жатақханаға қатысты айтарлықтай наразылық бар екенін анықтадық. Мысалы, Алматыдағы «Қайнар» университеті жатақханасының бөлмелері «Крыша» сайты арқылы ашық хабарландыру арқылы бөтен тұлғаларға тапсырылды. ҚазҰТЗУ университетінің №1, 2, 4 жатақханаларындағы рейд барысында газ плитасының пешінен тіпті өлі тышқан табылды. Нұр-Сұлтан қаласындағы Политехникалық колледждің жатақханасының да жағдайы нашар күйде. Жөндеу жұмыстары жүргізілмегеніне біраз уақыт болыпты», - деді Е.Бейсенбаев брифинг барысында.

Жасотандықтар тексеру нәтижелері бойынша ең нашар 15 жатақхананы атап өтті.

Олардың қатарына кіргендер: «Қайнар», «Алматы», Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы Студенттер үйі, Шымкент қаласындағы №4 колледж, Жол-көлік колледжі; Нұр-Сұлтан қаласындағы Жоғары саяси колледж; Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай ауданының ауыл шаруашылығы колледжі; Қостанай қаласындағы Инженерлік-экономикалық университет; Жамбыл облысы Қаратау қаласындағы Тараз политехникалық колледжі және №2 колледж; Солтүстік Қазақстан облысындағы Гуманитарлық-техникалық колледж және Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі; Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі, Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінің №2 Студенттер үйі, Қызылорда облысындағы «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты.

Елнұр Бейсенбаев жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша жастар қанаты өздерінің ұсыныстарын тікелей оқу орындарының басшыларына, Білім және ғылым министрлігіне жібергенін атап өтті.




Наверх