Қоғам

iKomek109 қызметкерлері 12 жастағы оқушының сөмкесін тауып беруге көмектесті (ВИДЕО)

21 қараша, 16:34331

Оқушы ұялы телефонына үңіліп отырып, автобус ішінде кітап толы сөмкесін ұмытып кетіпті. Оған iKomek109 орталығының мамандары көмектесті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

№46 неміс гимназиясының 7-сынып оқушысы Әділ Асылбектің айтуынша оқиға мектептен қайтып келе жатқанда болыпты. Автобустан түскен соң ол сөмкесін ұмытып кеткенін байқайды. Өзінің алаңғасарлығын телефонға қатты үңіліп кетуінен дейді.

«Автобустан түскен бетімде арқамның жеңілдеп қалғанын сездім. Міне сол кезде барып сөмкем автобуста қалып кеткенін білдім», – дейді оқушы.

Әділ дәл осы арада бірден іске кіріседі. Ең алдымен iKomek109 бірыңғай байланыс орталығының нөміріне қоңырау шалыпты. Орталық мамандары оқушының өтінішімен бірден «Астана LRT» қызметкерлерімен байланысқа шығады. Нәтижесінде арада 20 минут өткенде Әділдің сөмкесі табылды.

«15 қараша күні сағат 14:31-де оқушыдан қоңырау түсті. Біз бірден «Астана LRT» ЖШС-мен байланысып, іздеуге кірістік. 20 минуттан кейін сөмке табылып, иесіне қайтарылды», – дейді iKomek109 департаментінің директоры Жасұлан Жазықбаев.

Әділ Асылбек iKomek109 орталығының қала жұртшылығына пайдасы зор екенін айтады. Ол аталған қызметтің мобильді қосымшасын, Telegram чат-ботын жиі қолданады екен.

«Мектеп оқушылары орталықтың чат-ботын әсіресе қысқы уақытта жиі пайдаланады. Себебі ол жерде аяздың салдарынан сабақтың болатыны немесе болмайтыны хабарланады», - дейді Әділ.

Айта кетейік, 109 байланыс орталығы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап АҚШ пен Канаданың 911 шұғыл көмек көрсету тәжірибесі негізінде жұмыс істеп келеді. Қазір Нұр-Сұлтан әкімдігінің iKomek109 бірыңғай байланыс орталығы коммуналдық кәсіпорындардың барлық колл-орталықтарын біріктіреді. Орталық 24/7 режимінде жұмыс істейді. Қала тұрғындарымен байланыс жасаудың бірыңғай нүктесі болып саналады.




Наверх