Қоғам

Жыл сайын 40 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жазаға тартылады – ІІМ

12 қыркүйек, 12:50107
Фото интернеттен алынды Фото интернеттен алынды

Бүгін еліміздегі мектептерде және мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі бала қауіпсіздігі және профилактикалық шаралар мәселесі қаралды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Жыл сайын 40 мыңнан астам ата-ана мен заңды өкілдері кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылады. Сол секілді сот арқылы жыл сайын 1 мыңға жуық ата-ана өз құқықтарынан айырылады. Бүгінгі таңдағы балалар құқығына қатысты басты проблема – оларға қарсы зорлық-зомбылық пен күш қолданудың тоқтамауы. Осы жылдың 8 айында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге қатысты 589 қылмыстық іс тіркелді», - деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың әрбір екіншісі үйде, пәтерде және жатақханада орын алады.

«Қазіргі уақытта балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен 1,5 мың адам түзету мекемелерінде өз жазаларын өтеп жатыр. Сонымен қатар, балалар құқығына қатысты тағы бір мәселе – олардың қараусыз қалуынан немесе бос уақытының көп болуынан түрлі бағыттағы оқыс оқиғаға тап болулары. Үстіміздегі жылы 286 бала ажал құшты. Олардың 16-сы өрт салдарынан, 124-і суға кетіп қайтыс болса, 146 бала жол-көлік апатынан мерт болды», - деді ол.

Сондай-ақ, вице-министр бүгінде балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстық жауапкершілігін қатайтатын заң жобасын әзірлеу басталғанын айтып өтті.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх