Қоғам

Жасөспірімді автобустан түсіріп кету оқиғасына қатысты Астана LRT мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

22 қараша, 17:3878
фото авторы Динара Киндербаева фото авторы Динара Киндербаева

Астана LRT әлеуметтік желіден тараған кәмелет жасына толмаған жеткіншекті аяз кезінде автобустан түсіріп кету оқиғасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Кеше Facebook әлеуметтік желісінде кәмелет жасына толмаған жасөспірімді -25 градус суықта автобустан түсіріп кетті деген шағым жазылды. Кейін анықталғандай, жасөспірімнің өзімен бірге жеңілдігі бар «Аймақ» атты төлем картасы болмаған.  Иә, ол арнайы жеңілдігі бар жолаушы болып табылады, бірақ жеңілдік қаланың ішінде ғана жарамды. Ол туралы қалалық мәслихаттың 2017 жылы қабылдаған арнайы шешімі бар, шешімге сәйкес арнайы жеңілдігі бар азаматтар оны тек қаланың ішінде ғана қолдана алады. Жолаушы Қосшы елдімекенінен мінген, яғни қала аумағына жатпайды. Бізде елордамен іргелес Аршалы және Целиноград аудандарымен келісім бар, оған сәйкес аталған аудан тұрғындары қала іргесіне қатынайтын қоғамдық көліктерге жеңілдік қарастырылған. Бірақ ол тек қаланың сыртындағы қозғалысқа арналған», - деді Астана LRT ЖШС баспасөз қызметінің жетекшісі Науат Азанбаева.

Оның айтуынша, кәмелет жасына толған жеткіншекті жолда түсіріп кеткен автобус анықталу үстінде.

«Өкінішке қарай, жолаушыны түсіріп кеткен автобустың нөмірі мен оның жүргізушісі туралы нақты дерек жоқ. Себебі шағым түсіруші автобустың нөмірі мен жүргізушінің аты-жөні көрсетпеген. Дегенмен біз тексеріп, қай жүргізуші болуы мүмкіндігін тексердік. Бірақ қазір жұмыста болғандықтан біз оны шақыра алмаймыз, ертең жұмыстан бос кезінде жүргізушіні шақырып, мәселені қайта қарастыратын боламыз. Жолаушының айтуы бойынша, жүргізуші жеңілдік картасы жарамсыз болғандықтан одан ақшалай төлеуін сұраған, өз кезегінде жеткіншек жолаушы ақшасының жоқтығын айтқан. Тиісінше жүргізуші жолаушыны автобустан түсіріп кеткен. Әрине, біз жүргізушінің жолаушыны осындай суық уақытта жолға тастап кеткен әрекетін қолдамаймыз», - ол.

Астана LRT өкілінің айтуынша, тиісті қызметтік тексерістен кейін жүргізушіге қатысты тиісті шаралар қолданатын болады.

Айта кетсек, 20 қараша күні Қосшыдан қалаға бет алған 17 жасар мүгедектігі бар студентті автобус жүргізушісі ақша төлемегендіктен түсіріп кеткен. Ол туралы жасөспірімнің әпкесі әлеуметтік желі арқылы хабарлады.

 

Видео: Динара Киндербаева/Elorda Aqparat



Наверх