Қоғам

«Жарымжан» жарнамалар жаға ұстатты 

29 шiлде, 17:031016

Еліміздің бас қаласына алыстан ат арытып келетіндер аз емес. Алайда сән салтанаты келіскен зәулім ғимараттар әсем қаланың ажарын айшықтай түскенмен, көше бойына ілінген жарнамалардағы қате сол сұлулықтың сынын кетіріп тұрғандай әсер қалдырады. Жарнаманың кейбірін тіпті орыстілді нұсқасына қарамай түсіне қою қиын. Осы орайда біз қатеге толы бірнеше жарнаманы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Елордаға қыдырып келген жұрттың табаны тиетін көрікті орындардың бірі «Нұржол» желекжолының бойын аралап, алдымен желекжол бойындағы «Нұрсая» тұрғын үй кешенінің төменгі жағындағы жарнамаларды шолып шықтық. Д.Қонаев, 14Д мекенжайына жақындағанда үлкен жазумен «Нотариус» деген жарнамаға көзіміз түсті. Оның астына кішірек жазумен «Кіреберіс ауладан» деген сөз жазылыпты. Мән беріп қарамасаң, түсіну қиын, орысшадан сөзбе-сөз аударылғаны көрініп тұр. Ал оны күрделендірмей-ақ «Ауладан кіру» деп жаза салса, әлдеқайда түсінікті болар еді.

 

Дәл осы арадан өтіп бара жатқанда автобус жолаушыларының жолақысын тексеретін «Көлікті бақылау департаментінің» мамандары жолыға кетті. Латын әрпімен жазылған атаулары бірден көзге ілікті. Жаңашылдыққа көшкені қуантарлық жағдай болғанмен, латын әліпбиінің ескі нұсқасы – апострофпен жазылғаны құптарлық іс емес.

 

Жә, сонымен жолымызды әрі қарай жалғап, Д.Қонаев көшесімен «Нұрсаяны» жағалап келе жатқан едік, «ККС Казахстанские коммунальные системы» деген мекеменің атауын көргенде бірден «оның қазақша нұсқасы неге жоқ?» деген ой қылаң берді. Жеке кәсіпорынның емес, мемлекеттік мекеме атауының қазақ тілді нұсқасына бей-жай қарағаны қынжылтты.

 

Бұдан әрі Тұран даңғылымен Сарыарқаға қарай жүрдік. Екі араның түйісер тұсында көздің жауын алар жасыл түсті бағана орнатылған. Бұл жарнамадағы қатені былтыр да байқаған едік. "Баяғы жартас – сол жартас" күйінде әлі тұр екен. Төбесінде «АСТАНА ПАРК қонак үйі», ал одан төмен «МЕИРАМХАНА «Chalet» деп жазылған. Мұндағы қазақ әліпбиіндегі "қ" әрпінің және "й"-дің бұрмаланып тұрғанына біраз уақыттың жүзі болды.

Шағын «жорығымызды» әрі қарай жалғай отырып, Сарыарқа даңғылы, 19 мекенжайына келгенде «AZYQ TỦLIK» деген жазуға көзіміз түсті. Дүкен иесі қос сөздің ортасына дефис қойылатынын білмейтін болса керек.

Жүре берсең, көре бересің. Сәкен Сейфуллин көшесінің бойы да қатеден аяқ алып жүргізсіз екен. Бірі кіре берісіне «Кош келдініз!» (Сәкен Сейфуллин көшесі, 6) десе, енді бірі «Сыра хана» (Сарыарқа көшесі, 19) деген біріккен сөздің арасын бөліп жазған. 

Сәкен Сейфуллин көшесі, 5 мекенжайындағы мына бір дүкеннің жайы тым «ерекше». Үлкен әріптермен жазылған «жануарлар арналған дукен» деген қатеге толы маңдайша алыстан менмұндалап тұр. Дүкен өкіліне бұл туралы ескерткенімізде:

«Білемін. Тұра берсін», – деген жауап естідік.

Қатесіне еш қымсынбады да.

Ал бұл – «Comfort Town» тұрғын үй кешеніндегі аула. Сырт келбеті жұрт қызығарлық әткеншек. Бүлдіршіндердің сүйікті кейіпкеріне айналған Маугли бейнеленген. Бірақ, бір өкініштісі, қазақ тіліндегі нұсқасы мұнда атымен жоқ. 

Бұл – біздің небәрі бір сағаттық жұмысымыздың нәтижесі. Сонда қатеге толы жарнама ілетін кәсіпорын басшыларына ескерту жасайтын, қажет болса айыппұл салатындай ешқандай шара қолданылмай ма? Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркепке хабарластық. 

«Жақында жарнама туралы Заңға өзгерістер енгізілді. Онда айыппұл салу мәселесі де қозғалған. Заң бар, оны іске асыру бойынша ереже де бар. Бірақ сол ереженің ескі нұсқасы күшін жойған, ал жаңасы әлі енгізілген жоқ. Оны уәкілетті орган ретінде қалалық мәслихатқа енгізу Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының құзыретінде. Жақында бұл басқармаға біз өз ұсыныстарымызды бердік. Енді олар қалалық мәслихатқа жаңа ереженің жобасын енгізуі тиіс. Ол бойынша біздің басқарма жарнамаға тек тіл жағына келісім берумен қатар, айыппұл салу үшін хаттама толтыруға уәкілетті мекеме ретінде бекітілсе деген ұсынысымыз бар», – деді ол.

Сондай-ақ ол бүгінге дейін қате жарнама ілген кәсіпкерлерге ескерту жасау мәселесі қиындатылғанын, ал жаңа ережені мәслихат қабылдаса, мәселенің де тезірек шешілетінін жеткізді. Сонымен қатар Сәкен Есіркептің айтуынша, жарнама ілетін кезде кез келген кәсіпкер жергілікті уәкілетті органмен келісім жасауы тиіс. Бірақ бұған жарнама ілушілер көп жағдайда мән бермейтін көрінеді. 

«Дегенмен түсіндіру жұмыстары арқылы жыл басынан бері қала бойынша 800-ге жуық қате жарнаманы алдырып тастадық. Бірақ қате жарнама әлі де көп. Егер ереже мәслихат тарапынан қолдау тауып, айыппұл салынатын болса, кәсіпкерлер де асқан жауапкершілікпен қараушы еді», – деді басқарма басшысының орынбасары.

Бұдан бөлек Сәкен Есіркеп «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз жұмыс істейтінін тілге тиек етті. Яғни бизнес өкілдерінің екі рет шығындалмас үшін басқарма мамандарымен кеңесіп алуға шақыратынын айтты.

«Айтпақшы, жарнамалардың көбіне қарасақ, қазақ тіліндегі нұсқасы шет қалып жатады. Қазір қолымызға ешқандай құзірет берілмеген. Тек түсіндіру жұмыстары арқылы кемшіліктерді түзеттіріп жатамыз», – деп түйіндеді ол.

Сөз соңында айтарымыз, ел астанасындағы бұл мәселенің бір жолға қойылатын уақыты жетті. Қазақстандағы түрлі БАҚ өкілдері қате жарнамалар жайлы сыни материалдарды талай мәрте жарыса жариялаған. Бірақ оны қаперіне ілген кәсіпкерлер аз. Енді заңды түрде жазалау басталуы тиіс. Нұр-Сұлтан қаласының мәслихаты Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мен Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы ұсынған ережені қолданысқа енгізуі түйткілді мәселені шешуге ықпал етеді деп үміттенеміз.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх