Руханият

Жансейіт Түймебаев: Алғыс айту күні – келісім саясатын айшықтайтын айтулы мереке

01 наурыз, 08:4786
Автор: Elorda Aqparat
Фото: 24.kz Фото: 24.kz

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары Жансейіт Түймебаев Алғыс айту күні туралы өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«2016 жылдан бастап, биыл бесінші рет, 1 наурыз – Алғыс айту күні деп аталады. Бұл – замана талабы туындатқан, қазақстандықтар үшін мәні зор мереке. «...Бақыт бағалай келгеннің басында тұрақтайды. Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан болатын. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында Ұлы Абайдың алтыншы қара сөзіндегі «Бірлік – ақылға бірлік» деген тұжырымды алға тарта отырып, береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келе жатқанын атап көрсетті. Алғыс айту күні – сан сынақтан бірге өткен халықтың бірлігін арттырып, қандай кездерде де өзара сенімділігі мен құрметі орныға түсуіне негіз болған бейбітшілік пен келісім саясатын айшықтайтын айтулы мереке», – деді Жансейіт Түймебаев. 

Оның айтуынша, Алғыс айту күнін тілегі бір Қазақстан халқын бауырластырып, біріктіре түсуге бағытталған, қазақстандық бірегейліктің берік негізі деп санауға болады.

«Әбу Насыр әл Фараби бабамыз қайырымды қала туралы­ трак­татында «Шынайы бақытқа жету істерінде өзара көмек көрсететін қала қайырымды қала болып табылады және бақытқа жету мақсатында адамдар бір-біріне көмек көрсететін қоғам – қайырымды қоғам болып табылады» деген. Біз – адамдар бақытқа жету үшін бір-бірімізге көмек қолын созған және сол үшін риясыз алғыс айта білген қайырымды елдің азаматтарымыз. Ендеше, ондай елді ерекшелейтін өзгеше мереке болуы да заңды. 1 наурыз – Алғыс  айту күні – сондай күн. Мереке құтты болсын!» – деді ҚХА Төрағасының бірінші орынбасары.  




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх