Руханият

Ғасыр жасаған басылым

21 қараша, 09:40117
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Бүгін еліміздің ең үлкен басылымы - "Егемен Қазақстан" газетіне 100 жыл толып отыр. Осыған орай газет тілшісінің мақаласы жарияланған, деп хабарлайды Елорда Инфо «Аstana-akshamy» газетіне  сілтеме жасап.

Тарихын тартқан тереңнен…

Газет алғаш 1919 жылдың 17 желтоқсанынан бастап Орынборда «Ұшқын» деген атпен шығады. 2015 жылы жарық көрген «Бас басылым» аталатын кітаптағы Намазалы Омашевтың мақаласында «Ұшқынның» кеңестік басылым болғанымен, тізгін-шылбырын сол замандағы қазақ зиялылары ұстағаны айтылады. Профессор «А.Байтұрсынов, М.Сералин, М.Тұрғанбай газет бетінде шаруа мүддесін ұлт мүддесімен, тап тілегін халық талабымен тығыз ұштас­тыра отырып, «Қазақ» пен «Айқапта» қозғалған өзекжарды мәселелерді мұнда да көтере бастады» деп, қазақ жерінің бүтіндігі, ұлт мемлекетінің территория тұтастығы газеттің негізгі өзегі болғанын келтіреді. Газет 1920 жылдың 13 қарашасынан бастап «Еңбек туы» деп аталған. 1921 жылы «Еңбекшіл қазақ», ал 1925 жылы «Еңбекші қазақ» деп атауын өзгерткен басылымның редакциясы Орынбордағы Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің ғимаратында орналасыпты. Газетті 1925 жылы Смағұл ­Сәдуақасов пен Бейімбет Майлин жаңа астана Қызылордаға көшіріп әкеледі. Қызылордаға көшкеннен кейін 1925 жылдың желтоқсан айынан бастап күнделікті шыға бастаған.

100 жылда 8 рет өзгерген

1929 жылы Қызылордадан Алматыға көшіріліп, 1932 жылы «Социалды Қазақстан» деген атпен шықты. Ал 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» болып өзгертіліп, осы атпен 54 жыл бойы жарық көріп тұрған. 1991 жылдың маусымында республикамыздың тәуелсіздік алуына санаулы айлар қалғанда «Егеменді Қазақстан» болып өзгертілген. Бұл кезде басылымның бас редакторы белгілі жазушы, публицист Шерхан Мұртаза болған еді. 1993 жылдың 1 қаңтарынан лингвис­тердің пікірлерінен туған талқылаудан кейін газеттің бас редакторы Әбіш ­Кекілбаевтың ұсынысымен басылым атауындағы «-ді» жұрнағы алынып, «Егемен Қазақстан» болып өзгерді. Осылайша газеттің атауы жүз жылда 8 рет өзгерген. Тәуелсіздік тұсында газет атауының өзгеруі туралы Ербол Шаймерденов жоғарыда аталған «Бас басылым» кітабында қайта басылған «Егемен болмай ел болмас» мақаласында айтып өтеді. «Газет «Егеменді» аталатын болды да, ұран сөзі «Азаттық, теңдік, туыстық!» деп қайта айқындалды. Жаңа нұсқа сол кездегі бас идеолог – халқымыз­дың аяулы перзенттерінің бірі Өзбекәлі Жәнібеков­тің өз қолымен жазылды. Кім біледі, ел арманына айналған «егемен» сөзі бірден «менмұндалап» тұрсын деген игі ниеттен де туған болар» дейді автор.
Жетпіс жыл бойы әсем Алматыдан шығып, халықтың көзі мен құлағына айналған газет 1999 жылы қоныс аударып, сол кездегі Астанаға көшіп келді. Журналистік қызметін 1990 жылы сол кездегі «СҚ»-ның оңтүстіктегі меншікті тілшісі болып бастап, 1996 жылы «Егемен Қазақстанның» бас кеңсесінде бас редактордың орынбасары болып жалғастырған Еркін Қыдыр «Бас басылым» кітабындағы естелігінде газеттің елордадағы 8 қабатты ғимараты мен 2 жатақханасының және 2 тұрғын үй кешенінің қалай салынғаны туралы баяндайды. Бүгінде елге жететін барлық ақпарат, хабар, оқырман көңілінен шыққан толымды мақалалар сол ғимаратта жазылып, республиканың түкпір-түкпіріне, шалғай ауылдарға тарап отыр. 

 

Уақыттың үніндей...

«Уақыттың үніндей, дәуірдің дабылындай естілер заман сөзін ұрпақтан-ұрпаққа ұластырып келе жатқан» деп газетте ұзақ жыл қызмет еткен Жанат Елшібек ағамыз айтқандай, газет өзінің жаңашылдық пен ұрпақтар сабақтастығы қатар өрілген ұзақ ғұмырында мемлекеттің саясатын жүргізумен қатар елдік мәселелерді назардан тыс қалдырған емес. Мысалы, Міржақып ­Дулатов газеттің 1925 жылғы 7 қыркүйектегі санында «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болды. Енді заң-закон, бұйрық-жарлық, кеңсе істерінің бәрін қазақшаға айналдырамыз деп талпынғанымызға талай жыл. Қазақ тілін жүргізу үшін орталықтан дербес комиссия да құрылды. Бірақ орталық комиссияның өзі болсын, я жер-жердегі бөлімдері болсын, қазақ тілі қалай жүріп жатқанын жете тексеріп отырғандығына шүбәміз бар» деп жазыпты. Сонымен бірге газеттің 1928 жылғы №297 нөмірінде де «Мекемелерді қазақыландыру, тіл мәселесі көтерілген болса, арада неше жыл өтсе де, басылым үшін осы мәселе өзекті күйінде. «Egemen Qazaqstan» жаңарып, жаңғыру бағытында 2017 жылдан бастап D2 форматында күн сайын 12 бет болып, 200 мыңнан аса данамен басылады. Биыл жыл бойы шежірелі басылымның бір ғасырлық мерекесі аясында республиканың түкпір-түкпірінде іс-шаралар өтіп жатыр.

 

 

 Жадыра ШАМҰРАТОВА




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх