Қоғам

Ғарифолла Есім: Абайға қарап біз өз бейнемізді анықтауымыз керек

09 қаңтар, 17:25435
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыз үшін бұл айтулы мереке. 150 жылдық тойы өткеніне міне 25 жыл өтті, осы екі ортада бір ұрпақ өсті. Осы 25 жылда біздің Абайға деген көзқарасымыз қалай өзгерді? Абай танушы ретінде осы мәселе мені ойландырады, толғандырады. Ойланып отырып бірде қайғырам, бірде қуанам. Қуанатыным Абай өлеңдерін жатқа айтатын жастар өсіп келе жатыр. Ал қайғыратыным Абай туралы жаңаша ештеңе айта алғамыз жоқ. Сол 150 жылдық тойында айтылған нәрселерден әлі аса алмай жүрміз. Міне дәл осындай тұста Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла Есім осындай ой айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Мақалада Абайды ХХІ ғасырда қалай түсінеміз? ХХІ ғасырға Абайдың қажеті қандай? Абайдың 175 жылдығын тойлаудағы мақсат не? Ол тек той-тамаша ретінде атап өтетін шара ма деген түйіндер төңірегінде ой қозғалды. 

Мемлекет басшысы «Абайды қалай дәріптесек те жарасымды» дейді. Рас, бірақ біздің дәріптеуіміз ХХІ ғасырдың азаматтарына қалай әсер етіп жатыр? Сол ХХІ ғасырдың азаматтары сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ойшыл, ғұлама, ақын Абайды өздеріне қалай жақын тартады? Қалай сырласады? Одан қалай ой алады? Абай көп нәрсе айтты, ұлтымыздың мінін ашық көрсетті. Ендеше осы ғасырда да қазақ сол мінінен арылды ма? Абай айтқан «Жақсы мен жаманды» айыра алып жүрміз бе? Мәселе осында.

Абайды еске алу ол Абай туралы үлкен жиналыс өткізу немесе ол туралы көлемді-көлемді баяндама жасау емес, ол кісі арқылы өзіңді көрсету тіпті емес. Осы арада бір мысал айтайын. Мұхаммет пайғамбарға бір кісі келіп «Сіз қандай ұсқынсыз адамсыз» депті. Пайғамбар оған «Рас» деп бас изепті. Осыдан кейін Әбубәкір келіп «пайғамбар, сіз қандай нұрлысыз» депті. Оған да «рас» депті. Сонда бұл жағдайды көріп тұрған сахабалар «ей, Алланың елшісі, сізге екі түрлі сипат айтқан екі адамға да бірдей жауап бергеніңіз қалай?» деп сұрапты. Сонда Пайғамбарымыз «мен Алланың айнасымын, маған қараған адам өз бейнесін көреді» деп жауап беріпті. Сол сияқты Абайға қарап біз өз бейнемізді анықтауымыз керек. Абай-айна! Сондықтан Абайдың 175 жылдық тойын халықтың мерекесіне айналдыру қажет болып отыр. Абайға қарап әр қазақ өзін танысын. Бұл той қазақты ойландыратын, толғандыратын той. Абайы бар қазақ халқы бақытты. Ендеше әр қазақ осы бақытын бағалау керек.




Наверх