Қоғам

Еркін Қыдыр: Біз егемендік алатынымызды сезіп жүрдік

16 желтоқсан, 13:41169

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист, «Astana Aqshamy» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр еліміз егемендік алған жылдарғы өзгерістерге, өзінің өмір жолы туралы қысқаша әңгімелеп берді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Біз тәуелсіздік болатынын алдын ала білдік. Себебі, 1990 жылы 25 қазанда тәуелсіздік туралы деклорация қабылданды. Маңайымыздағы көршілес елдердің бәрі 1991 жылдан бастап өз тәуелсіздіктерін алып жатты. Тәуелсіздік алатынымызды білдік. Бірақ сол тәуелсіз ел қалай болатынын көпшілік дәл болжап айта алған жоқ. Көбінде үрей, қауіп болды. Оған себептер де бар. Себебі, дәл сол жылдары қазір айтса сену де қиын, бүкіл үлкен қалалардағы, ауылдардағы дүкендердің сөрелері бос тұрған, ештеңе жоқ. Сонда мына одақтағы байланыстардың бәрі күйреп, елдің бәрі тұралап, кемелденген социализмнің ақырғы күндері жүріп жатқан кезең еді. Өзім қызмет етіп жүрген «Социалистік Қазақстан» газетін Шерхан Мұртаза еліміз тәуелсіздік алмай тұрып-ақ «Егеменді Қазақстан» деп ауыстырған болатын. Осының өзі-ақ еліміз түбі егемендік алатынының нышаны, бір белгісі болса керек», – деді Еркін Қыдыр.

Ол сөз арасында еліміз КСРО құрамында болған шақта ұлтымыздың ұлы тұлғаларының есімі аталғаны үшін түрлі жазалар қолданылғанын тілге тиек етіп өтті.

«Ол кезде мына тұрған Абылай ханның, Тәуке ханның атын атағаны үшін оқудан, жұмыстан шығу ештеңе емес, социализм кезінде адам тағдыры мүлдем өзгеріп кететін. Қазір міне, құдайға шүкір! Оның бәрі қалыпты жағдай сияқты. Барлық қалаларымызда кешегі бабаларымыздың есімін ардақтап, көшелерге қойып жатырмыз. Сондықтан 28 жыл күнделікті ішінде жүрген соң білінбейді. Көп нәрсе өзгерген. Өткенде «Astana Aqshamy» газетінде суретін бердік. 90-шы жылдары кішкентай дүкендерде зат сатып тұрса, қазір ақшаң болса қалаған затыңның бәрі де табылады. Осының өзі-ақ 28 жыл ішінде мүлдем басқа мемлекетке айналғанымызды, біздің талаптарымыздың мүлдем басқаша болғанын көрсетсе керек», – дейді астаналық бас басылымның басшысы.

Еркін Қыдыр ойын жалғай отырып, осы 28 жыл ішінде өзі қалай өзгергенін қысқаша әңгімелеп берді.

«Өзіме келер болсам, адамның жасы ғана өзгермейді, 28 жыл ішінде физикалық тұрғыда да өзгереді. 28 жыл оңай емес, біздің санамыз да өзгерді. Мүлдем басқа қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Қазір біздің құндылықтарымыз да басқа. Таяуда 30 жыл болады. Бұл көп сияқты көрінеді. Бірақ тарих үшін ол көп емес. Жаңа мемлекет құрып жатқанда 30 жылды көп деп айта алмаймыз. Бірақ осы уақыт аралығында тәуелсіздікке қажетті басты мәселелер жасалды деп ойлаймын. Кеше 28 жыл бұрын жаңадан бастап жүрген жас журналист едім. Ол кезде менің жазып жүрген проблемаларым да басқаша болатын. Қазір, яғни 28 жылдан кейін біздің алдымызда тұрған мақсаттар да басқа», – деп сөзін қорытты.

 

 




Наверх