Қоғам

Елордалық білім басқармасы балабақша жұмысындағы өзгерістер жайлы айтты

17 наурыз, 14:092176
Автор: Elorda Aqparat
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Мектепке дейінгі ұйымдар бұрынғы режимде жұмыс істейді. Балабақша қызметкерлерінің жалақысы сақталады. Педагогтар кезекті еңбек демалысына кестесіне сәйкес, сондай-ақ қалауы бойынша шыға алады. Балабақшаларда топтарды біріктіру кезінде педагогтар сағаттық жүктемені (ставка) сақтай отырып, әдістемелік қызметпен айналыса алады», - дейді Қадырова.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған жеке мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру мәселесін пысықтауда.

«Әрине, инфекцияның алдын алу және жол бермеу бойынша жұмыс күшейтілген режимде жүргізіледі. Осы кезеңде басшылар, медицина қызметкерлері күн сайын вирусты инфекциялардың алдын алу үшін тәрбиеленушілерді аралап шығады (температура өлшеу, көзбен шолып тексеру), жұқпалы аурулардың кез келген көріністерін қадағалайды. Қазір 512-ден астам дезинфекциялық құралы бар дозатор орнатылған», - дейді маман. 

Сондай-ақ, басқарма басшысының мәліметінше, короновирустың алдын-алу іс шарасы негізінде балалар балабақшаға келмеген күндері үшін, ата-аналардың жазбаша өтінішін негізге ала отырып, мектепке дейінгі ұйымнан шығарылмайды.

Атап өтсек, елордада жалпы контингенті 55 708 баланы құрайтын әртүрлі үлгідегі 377 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында: мемлекеттік – 94, жеке меншік – 237. Оның ішінде 214-де мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған. Шағын-орталықтар – 43, ведомстволық – 3. Орта білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптарында 3 485 бала оқиды.

Бүгінгі күні мемлекеттік балабақшаларда 30 794 бала болса, оның 25 085-і (81,5%)  келген жоқ. Ал жеке меншік балабақшаларда контингент 24 914, оның 18955-ы (76,1%) келген жоқ.

Барлығы 55 708 бала, оның (мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларда) 44 040-ы (79,7%) келген жоқ. Барлық балабақшада келіп жүрген бала саны - 11 668 (21%).

Бұған дейін Шолпан Қадырова балаларды балабақшаға апармауға кеңес берген болатын. Бүгін Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандар саны 14 адамға жетті.

Еске салсақ, 15 наурыз күні ел аумағында төтенше жағдай енгізу туралы президент Жарлығы шықты.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның барлық аумағында 16 наурыз бен 15 сәуір кезеңінде төтенше жағдай енгізілсін», - делінген ресми құжатта.

Ал кеше Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай енгізілуіне байланысты телевизия арқылы үндеу жасады.

 

Қымбат Елтайқызы 




Наверх