Қоғам

Елордалық белсенділер жұртшылыққа тегін маска таратты

19 наурыз, 22:24495

Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді азаматтар аты жаман індеттің алдын алу және жұртшылықты сақтыққа шақыру мақсатында халыққа тегін беттұмша таратты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Індеттен сақтан, бейғамдық індетті өршітеді» деген тақырыппен өткізілген бұл қайырымдылық шарасына жеке кәсіпкер Ернұр Болатұлы мұрындық болыпты. Өз қаржысына 2000-нан артық данасын сатып алған ол достарын ертіп алып, маскасыз жүрген көше тазалақшыларына, бекеттердегі жолаушыларға және мекеме орындарында жұмыс істеп жатқан қызметкелерге тегін таратып, індеттің алдын алудағы рөлі жөнінде түсіндіріпті.

«Бұл – елімізді, тіпті бүкіл әлемді алаңдатқан дерт. Осындай жағдайда індетпен бүкіл адамзат баласы бірлесіп күресуі тиіс. Өкінішке орай, бір-бірімізге қол ұшын бергеннің орнына, қажетті заттардың бағасын көтеріп, беттұмшаларды қымбатқа сатып жатқан кейбір алыпсатарлардың ісі мені қатты ойландырды. Қолымнан келгенше солардың қолындағы маскаларды жинап алып, халыққа тегін таратайын деп шештім», - дейді Ернұр Болатұлы.

Ернұрдың бұл ісіне достары да үн қосып, көше-көшені аралап, маскасыз жүрген тұрғындарға, халықты дер кезінде хабар-ошармен қамтамасыз етіп жатқан тілшілерге таратыпты.

«Ернұр досымыздың қайрымдылық шарасына қатысып, жұртшылыққа маска тараттық. Ернұрдың бұл шарасы осындай кезде масканы қымбаттатып, пайда тапқысы келетіндерге сабақ болса екен деймін. Бір масканың ақшасы ешкімнің бүйірін жаппайды. Алайда бір маска бір адамды індет жұғудан қорғауы мүмкін ғой», - дейді Ернұрдың досы Айдын Жанатұлы.




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх