Қоғам

Елордада волонтерлік қызметке арналған халықаралық форум өтті

13 желтоқсан, 17:5245
Фото: Алтынай Досмадиярова Фото: Алтынай Досмадиярова

Бүгін елордада «Бір әлем – бір өмір» халықаралық жастар гранд балының аясында «Әлемдік тәжірибедегі еріктілер қызметі. Еріктілердің қоғамдағы орны» атты форум өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Биыл Нұр-Сұлтан қаласының жастарымен бірге балдың халықаралық деңгейін анықтайтын Ресей, Қытай, Нигерия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Индонезия, Венесуэла елдерінің дебютанттары қатысуға ниет білдірді. Форум әлемнің жастарымен тәжірибе алмасуға және барлық елдердегі еріктілердің орнын анықтауға арналған.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Осыған байланысты қала әкімдігі үлкен жұмыс атқарды. Биыл 136 пунктен тұратын жол картасын құрдық. Әрбір пункт – бұл кешенді іс-шара. Осы жобалар аясында бізде бір жыл ішінде 600-ге жуық іс-шара өткізілді. Енді келер жыл еріктілерге арналып отыр. Біз еріктілер қозғалысын одан әрі дамытатын бірқатар кешенді іс-шара қарастырдық. Бірінші кезекте еріктілерге тамақтану, киім-кешек, көлікпен жүру қажет, сәйкесінше жол жүру билеттері де керек. Сондықтан қала әкімі шешім қабылдап, оны қалалық мәслихат депутаттары қолдады. Біз елімізде еріктілер қызметін қолдауға және дамытуға дайынбыз», - деді елорда әкімдігінің Қоғамдық даму істері жөніндегі басқармасының Жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Бақытжан Жүнісбеков.

Форумды ұйымдастырушы Алпамыс Шаримовтың айтуынша, жиынға 10 елден келген 18-29 жас аралығындағы еріктілер қатысып жатыр.

«Бұл форумды бүгін біз түрлі елдердегі волонтерлік өкілдермен өткізіп отырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Осыған байланысты жастар балына келген халықаралық дебютанттарды волонтерліктің қалай дамып жатқанын, қандай деңгейде екені жөнінде өз тәжірибесімен бөлісу үшін форумымызға шақырдық. Бұл форумды өзге елден келген еріктілер елімізде еріктілікті қалай дамытуға болатыны туралы пікірін білдіру үшін ұйымдастырып отырмыз», - деді ол. 

«Жүректен - жүрекке» акциясы аясында Қарттар үйі мен балалар үйінде рухани кеш ұйымдастырылып, қатысушылар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетті.

Жастар арасындағы дебютанттардың бірі гранд бала Делуфруз Рахимовтың айтуынша, халықаралық балға дайындық барысында олар келген жұртпен құнды тәжірибе алмасады.

«Бұл менің Қазақстанға алғаш сапарым. Халықаралық балға қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Бұл жобада біз балға дайындалып қана қоймай, өзге елдердің белсенділерімен тәжірибе алмасамыз. Бүгінгі форумда мен Тәжікстанда еріктілік қалай дамып жатқаны туралы айттым», - дейді ол.




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх