Мәдениет, Астанаға 20 жыл

Елордада тоғызқұмалақтан ашық республикалық турнир өтті

04 шiлде, 10:561711

Астананың 20 жылдығына орай елордада «Elorda Aqparat»  медикомпаниясы және ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясының ұйымдастыруымен  ұлттық ойын - тоғызқұмалақтан ашық республикалық турнир өтті, деп хабарлайды Елорда инфо.

Баспасөз – ақиқатты айтудың жаршысы дегендей, тоғызқұмалақ ойынының қадір-қасиетін халыққа танытуда бұған дейін де елімізде бірнеше газет арнайы жарыстар ұйымдастырды. Оның ішінде Тараз қаласындағы Ақжол газеті, Алматы қаласындағы «Айқын», Түркістан қаласындағы «Түркістан», «Павлодар облысындағы «Сарыарқа самалы» және тағы басқалар. Енді бұл үлкен шоғырға  Elorda Aqparat  медикомпаниясы да қосылды.

Тоғызқұмалақтан және мемлекеттік тілден ақын-жазушылар мен журналистер арасында өткен сайысқа Астана, Алматы қалалары, Түркістан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан спортшылар қатысты.

Осы жарысқа Астана қаласының Тоғызқұмалақ федерациясы және Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив істері басқармасы, «ҚР Ұлттық архиві» РММ, «Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығы» РММ қолдау көрсетті. Турнир  «Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығы» РММ-нің ғимаратында өткізілді.

Шараның салтанатты ашылуында сөз алған Дүниежүзілік және Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы Әлихан Байменовтің айтуынша, бүгінде жақсы деңгейге жетіп отырған тоғызқұмалқты кезінде дана ақынымыз Абай ойнаған, ал 1940 жылдары заңғар жазушы Мұхтар Әуезов, драматург Қалыбек Қуанышбаев сынды алдыңғы толқын ағаларда ойнауды жалғастырып, ойынды жақсы дәріптеген. Соңғы жылдары шетелдіктердің де қызығушылығы артып,  бүгінде тек ұлтымыздың ғана емес, барша әлемнің назары ауып отыр. Түрлі деңгейде чемионаттар ұйымдастырылып жүр. Қазір тоғызқұмалақпен тұрақты айналысушылардың саны 200 мыңнан асып кетті.

«Тоғызқұмалақтың берері көп. Бұл зердені, сананы дамытады, жүйелі ойлауға жетелейді. Осыдан біраз жылдар бұрын мұндай ұлттық өнерімізді насихаттап, дәріптеу аз болатын. Бүгінде рухани жаңғырудың және сана сілкінісінің арқасында біздің өшкеніміз жаңғырып, жоғалғанымыз қайтадан табылуда. Әрине мұнда қазақтың үлкен зиялы қауым өкілдерінің және ел ағалары- тоғызқұмалақ ардагерлерінің еңбегі бар. Оның ішінде әрбір жаттықтырушылар мен әрбір ойыншылардың да үлесі  жетерлік. Сондай-ақ, БАҚ өкілдері спорт саласының кәсіби маманы болмаса да осы ұлттық өнерімізді, ойындарымызды халықтың арасында кеңінен насихаттауда, дәріптеуде үлкен үлес қосып жүр», - деді Дүниежүзілік және республикалық тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы.

Әлихан Мұхамедияұлының мәліметінше, биылдың өзінде Еуропа біріншілігі Францияда өткізілген болса,  енді осы шілде айының аяғында Азия біріншілігі Моңғолияда өткізілмек. Әлем чемпионаттары тұрақты өткізіліп жүр. Оған әлемнің 25 мемлекеті қатысады.

«Қуантарлығы сол, қазір тоғызқұмалақты ойнаушылардың арасында замануи техниканы, жаңа технологияны меңгерген жастардың еңбектенуі қуантады. Осыдан бір ай бұрын керекулік Ернар Шамбаев деген жігіт андройдта қалтафонға жүктейтін қосымша жасаса,  Еуразия Ұлттық  Университетінің мамандары да түрлі жүктемелерді әзірлеуде. Бүгінде тоғызқұмалақты ары қарай дамыту үшін оны мектептегі бағдарламалар қатарына енгізуге ұсыныстар беріліп жатыр. Министрліктің назарына жоғары оқу ордаларында  мектептерге денешынықтыру мүғалімдерін дайындағанда тоғызқұмалақ ойыны бойынша біліктілікті арттыруға оқытуға қосымша тапсырма берілсе деген ойымыз бар.   Ал сол ұстаздар ұлттық ойынымыздың қарапайым ережесін меңгеріп, жұмысқа  барған мектептерде үйірмелер ашып, балаларды оқытса деген сияқты ұсыныстар айтылды», - дейді Әлихан Байменов.

Айта кету керек, қазақ тоғызқұмалағы ойынына  халықаралық деңгейде де қызығушылық өсіп келеді. Ұлттық ойын Англия, Франция, Чехия мемлекеттерінің зияткерлік ойындарының фестивал бағдарламасына енгізілген.  Тоғызқұмалақтан 4 рет Әлем чемпионаты, 3 рет Азия және Еуропа чемпионаттары өткізілді. 

Кұттықтау сөз алған «Elorda Aqparat» медикомпаниясының басшысы Қайсар Жұмабайұлы:

«Астана қаласының 20 жылдығына арнап және журналистер күні мерекесі қарсаңында біздер осы ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақтан турнир өткізуді жоспарладық. Біздің бұл ойымызды ҚР Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы, Астана қаласының тоғызқұмалақ федерациясы және Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив істері басқармасы, «ҚР Ұлттық архиві» РММ, «Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығы» РММ қолдау көрсетті.

Соңғы жылдары ұлттық өнеріміз бен ұлттық ойындарымызға жан-жақты мән беріліп, түрлі деңгейде жарыстар ұйымдастырылып жүр. Айту керек, Елбасының Рухани жаңғыру мақаласының арқасында елге қажет, ұлттық құндылықтарымызға қатысты деген іргелі шаралар өткізіліп, дәріптеліп жатыр. Мәселен, ұлттық күресіміз бүгінде әлемдік деңгейге көтеріліп, жақсы жетістікке жетті. Домбырамыз ұлықталып, оны атап өту үшін арнайы күн белгіленді. Күні кеше ғана барша жұрт болып домбыра күнін атап өттік. Сол сияқты ұлтымыздың төл ойыны – тоғызқұмалақтың да өрісі дамып, жағдайы жылдан жылға дұрысталып келеді. Сондықтан, бүгінгі ұйымдастырып отырған тоғызқұмалақ ойыны болашақта одан да ары қарай жанданып, өркендеп, мәңгі дами берсін.  Бұл ойынды мерекелер кезінде анда-санда өткізбей, қаладағы адамдар демалатын орындарда күнделікті ойналатын қызықты ойын ретінде үлкен дәрежеге жеткізуге атсалысуымыз керек. Естіп жатырмын Алматының көшелерінде кешкісін тоғызқұмалақтан мастер-класс өткізіліп жатыр екен. Сол үрдіс Астанада да жалғасын тапса екен деймін. Бүгінгі шараға алыс өңірлерден де тоғызқұмалақтың ойыншылары мен жанашырлары ат терлетіп келіп жатыр. Сондықтан баршаңызға алғысымды айтамын», - деді.

Турнирде  қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеп, жандандыру мақсатында ұлттық ойындарымызға арналған «Қазақтың ұлттық ойындары күні» деген арнайы күнді белгілеп, мемлекеттік деңгейде атап өтетін дәрежеге жеткізуге ынталандырылса деген ұсыныстар айтылды.

Сондай-ақ, шарада Астана қаласының Тоғызқұмалақ федерациясы мен Тіл және архив басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев, «ҚР Ұлттық архиві» РММ директоры Жанкелді Махашов  пен «Қолжазбалар және сирек  кітаптар орталығы» РММ басшысы Асылхан Садуовтар құттықтау сөздерін айтты.

Жарысқа қатысушы, ақын-айтыскер Қайрат  Нұрқанат санаға рухани күш беретін тәлімі мол арнау айтса, турнирдің бас төрешісі, халықаралық төреші Ернұр Мерешев ойыншыларға ойын ережесін түсіндірді.

Осы жарыстың аясында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив істері басқармасының ұйымдастыруымен мемелкеттік тілді мәртебесін көтеруге бағытталған тағылымды шара өтті. Онда жарысқа қатысушылар мен көрермендер сұрақ-жауап викторинасына қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, ән, терме  айтылып, күй шертілді.

Жарыстың аяғында ойын ұпайлары есептеліп, қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға арнайы дайындалған дипломдар табысталды.

Алматы қаласынан келген Сулеймен Демирел атындағы Университеттің студенті, тілші Қадылбек Бақытжан 5 ұпай жинап, I орынды жеңіп алды. Ал 4 ұпаймен көзге түскен Астана қаласының «АСУ» Гуманитарлық-техникалық колледжінің баспсөз хатшысы Олжас Сүлейменов II орынды иемденді. III орын Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінде жұмыс жасайтын журналист Ғабит Сапарбековке бұйырды.

Сонымен бірге, ұлттық ойында жақсы шеберлік көрсеткен бір топ ойыншылар: Халима Тәжіқұл, Гүлмира Аймағанбет, Рыскелді Жахман, Саягүл Жарылқасын сынды журналистер мен айтыскер ақын Нұрқанат Қайрат ынталандыру сыйлыққа ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

 

 




Наверх