Қоғам

Елордада Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің күні аталып өтті

24 қазан, 14:45360
фото қалалық әкімдіктен алынды фото қалалық әкімдіктен алынды

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Орталықтың ашылғанына бір-екі айдың ғана жүзі болса да, осы аз уақыттың ішінде игілікті істердің ордасына айналып, көпшіліктің көңілінен шыға білді. Бұл салтанатты қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен ашты.

«Әлеуметтік қызмет көрсету саласының мамандары – ең қайырымды, еңбектері абыройлы. Сіздердің жұмыстарыңыз көзге көріне бермейді, бірақ қоғам үшін аса маңызды. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Қазақта ата-анасын қарттар үйіне тапсырмаған, жетімін жылатпаған. Ол біздің дәстүрімізге жат» деп еді бір сөзінде. Сіздердің алдарыңызға талай мұқтаж жандар келеді, талай тағдырларға куәсіздер, сол жаны жүдеп жүрген адамдарға қамқор болып, жоғын тауып беріп жүргендеріңіз – зор адамгершіліктің белгісі», – деп Бақтияр Мәкен қала әкімінің құттықтауын жеткізді. 

Қазіргі күні орталықта 12 мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор жұмыс істейді. Кәсіпкер ана бөлімі бар. Онда кәсіби мамандар өз бизнесін бастағысы келген көпбалалы және кедей отбасыларға көмек көрсетеді. Сондай-ақ, сұрау сала келген адамдарға білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй алу, тағы да басқа мәселелер бойынша ақыл-кеңес беріледі.

Мерекелік шара барысында әлеуметтік саланың бір топ озаттары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, елорда әкімдігінің мақтау қағаздарына ие болды. Сондай-ақ сала мамандарының ұйымдастыруымен шағын концерт өтті.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх